Қазақ талақ айтқан ба немесе желіде талақ айту ажырасу болып есептеле ме?

Қазақ талақ айтқан ба немесе желіде талақ айту ажырасу болып есептеле ме?
Фото: Дудин С.М.

Шетелде әлеуметтік желі арқылы талақ айтып, ажырасқандар қызу талқыланып жатыр. Massaget.kz тілшісі танымал этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасып, ҚМДБ деректеріне сүйеніп, осы мәселеге шолу жасады.

Қазақта талақ айту дәстүрі болған ба?

Этнограф Болат Бопайұлы қазақ ертеде әйелінен ажырасқанда талақ айтқанын растады. Талақ араб тілінен аударғанда "босату, ажырасу" деген мағынаны білдіреді.

"Қазақ қоғамында талақ айту Ислам дінінің ықпалымен пайда болған. Қазақтар талақ айту арқылы ажырасу мәселесін шешкен. Әдетте талақ айту ер адамға ғана берілген құқық болған. Талақ айтудың бірнеше жағдайы болған:

  • әйелінің мінез-құлқы немесе тәртібі ер адамға сай келмесе;
  • әйелінің адал еместігі немесе зинақорлық жасағаны анықталса;
  • ер адам әйелін жек көріп немесе одан ары қарай тұра алмайтынын сезсе", - деп жауап берді этнограф.

Сарапшы ертеде қазақ қоғамында ажырасу мәселесі қалай шешілгенін түсіндірді.

"Ертеде қазақ қоғамында ажырасу мәселесі көбіне ақсақалдардың немесе ру басшыларының кеңесінде шешілген. Мұнда ер адамның талақ айтуы заңды түрде қарастырылған, ал әйелге ажырасуды талап ету құқығы шектеулі болған. Әйел ажырасуды тек мына жағдайларда талап ете алған:

  • ер адам ұзақ уақыт бойы үйіне оралмаса немесе із-түзсіз жоғалып кетсе;
  • ер адам әйелін күтіп-баптау міндеттерін орындамаса немесе оны тастап кетсе;
  • ер адамның физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылығы болса", - деді Болат Бопайұлы.

Сонымен қатар, әйел ажырасуды талап еткен жағдайда, ол ру басшыларына немесе қазыларға арыз жазып, өзінің жағдайын түсіндіріп, дәлелдерін келтіруі қажет болған.

Поляков И.С. 

 Әлеуметтік желі арқылы талақ айту дұрыс па?

Болат Бопайұлы бүгінде талақ айту  өте күрделі мәселе екенін, заңнамалық тұрғыда Қазақстанда ресми ажырасу тек сот арқылы шешілетіндіктен, талақ айтудың заңды күші жоғын түсіндірді. Дегенмен сарапшының сөзінше, әлеуметтік желі арқылы талақ айту дұрыс емес.

"Бұл процесс отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын заңнамалық жолмен шешілуі тиіс. Әлеуметтік желі арқылы талақ айту, әсіресе, әйелдердің құқығын бұзып, олардың қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі мүмкін. Этнограф ретінде айтарым, қазіргі заманда ажырасу мәселесі ашық, әділ және құқықтық негізде шешілуі тиіс. Әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен міндеттері бар. Талақ айту дәстүрі тарихта қалғанымен, қазіргі қоғамда оны қолдану қолайсыз әрі әділетсіз деп есептеймін", - деп түйіндеді ол.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Хабарламамен жазған талақ әсер ете ме?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі мәліметінше, Ханафи мәзһабында "талақ" сөзі парақ сияқты нәрселерге анық жазылған болса, ашық айтылған талақтың үкіміндей болады. 

"Күйеуі әйеліне талақты телефон, электрон пошта, sms немесе дауыстық пошта т.б. арқылы хабарласа, мұндай талақ жарамды болып саналады", - деп жазылған хабарламада.

muftyat.kz

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Біріккен Араб Әмірліктерінің премьер-министрінің қызы Махра күйеуімен әлеуметтік желі арқылы ажырасқаны хабарланды.

Желі қолданушылары олар мұсылмандық дәстүрге сай ажырасқанын жазып жатыр. Әдетте үш рет талақ ету арқылы ажырасуға болады. 

"Талақ" пен "ажырасамын" сөзі бірдей санала ма?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова