Барахолкадағы қоймаға өрт қасақана қойылған болуы мүмкін

Алматыда барахолка базарындағы қоймаға от қасақана қойылуы мүмкін. Өйткені сауда орнының басшылығы кешегі өрттен кейін 5 адам күдікті деп танылып, қамауға алынғанын жеткізді. Қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жалпы өртте 2 мың шаршы метрден астам аумақ жанып, талай кәсіпкер тауарынан айырылған. Саудагерлер өрт сөндірушілер дереу жеткенімен, су таппай, өрт күшіне мінгенше жүріп қалды дейді.

"Солтүстік айналма жолының бойында орналасқан қойма өртеніп жатыр" деген хабар өртсөндірушілерге түстен кейін сағат бес шамасында түскен. Өртті ауыздықтауға 110 адам мен 23 техника жұмылдырылыпты. Құтқарушылар жалынмен арпалысып, кәсіпкерлер бүлінбеген тауарын шығарып әлекке түскен. Әйтсе де лезде күш алған от аспалы шамдардан бастап, аяқ-киімге дейін сақталған нысанды күлге айналдырды.

"Аяқ астынан өрт болды деп хабаласты. Мен келгенше бәрі жанып кетті. Жетпіс-сексен миллионның тауары. Аспалы шамдар бізге Қытайдан келеді. Біздің дүкеніміз Қазақстанда біраз танымал. Көп жерге тауар жібереміз. Кредиттарымыз бар. Тауардың қарызы бар. Жалпы қарызды да есептеп жатырмыз. Бүкіл тауар осында болған", - дейді кәсіпкер Зейін Ақан. 

"Үш бірдей аяқ киім контейнеріміз өртеніп кетті. Ішіне кіріп көрдік. Шамамен 50 миллионның тауарына зақым келді", - дейді тағы бір кәсіпкер Ибрагим Исмаил. 

Будақтаған түтін бүкіл қалаға көрінген. Абырой болғанда тілсіз жау қасындағы "Мизам" базарын шарпымаған. Мамандар қойманың жан-жағын қоршауға алып, бықсыған материалдарды жинастырып жатыр. Апат ошағына "жылдам жеттік" деген өрт сөндірушілер тілсіз жаумен үш сағаттай алысқан. Болмаған соң әуеден су төгуге бір тікұшақты іске қосыпты. Айтуларынша, қойма иелері ертерек құлақтандырғанда, жалын күш алып, қала үстін қара түтін тұмшаламас еді. Дегенмен кәсіпкерлер мамандардың сөзімен келіспейді. "Керісінше, өрт сөндірушілердің салғырттығынан өрт бет қаратпай шарпыды" деп отыр.

"Өрт сөндірушілер келді, су жоқ, тұр. Не үшін келді, түсінбеймін. Құтқаруға үлгеретін еді, тіпті мына "Техномирды" да сөндіріп үлгеретін еді. Оларда су жоқ боды, ақыры өзіміз тасыдық. Көршінің затын, тіпті өзіміздікінен өте алмаймыз. Көршінікі жанып жатыр. Көрші болса да, "аман қалсын" деп, заттарын тасыдық.Бәрі жалға алынған, кредиттері бар", - дейді кәсіпкер Жанна Дуанаева.  

"Шығынға баттық" дегендердің дені - нысанды бұрыннан жалдап келгендер. Тұрмыс техникасынан бастап, ыдыс-аяқ, үйге қажет өнімдерді осында сақтап келген. Басшылары өтемақы жайында ашып ештеңке айтпады. Тек оқыс жағдайды "қасақана ұйымдастырған" деген мәлімет берді.

"Мен жаңа ғана осы өрт бойынша 5 адам күдікті деп танылды деген хабар алдым. Олар қазір Алатау ауданы полиция бөлімшесінде немесе полиция департаментінде. Алдын ала мәлімет бойынша, оны бейнебақылау камералары арқылы анықтаған, іште бірдеме бүлдірген көрінеді. Әзірге мендегі ақпарат осы. Басқа ештеңке айта алмаймын. Өтемақы жайында біз әлі талқылаймыз", - дейді базардың құқық мәселесі жөніндегі директордың орынбасары Болат Қожақов. 

Дегенмен ақпаратты Төтенше жағдайлар департаменті растамады. Бірақ "қылмыстық іс қозғалды" деді. Сондай ақ өртті сөндіруге ешқандай кедергі болмады деп кәсіпкерлердің сөзін жоққа шығарды.

"Су беру бойынша еш проблема болған жоқ. Өйткені су көзі, өрт гидранттары жақын, 160 метрде орналасқан. Бәрі жұмылдырылды. Бірқатар сараптама тағайындалды. Соның нәтижиесі бойынша өрттің себебі және кәсіпкерлердің шығыны анықталады. Анықтаушылар тобы қазір ҚР ҚК 292-бабы,1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде қылмыстық іс қозғады", - дейді Алматы ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова. 

Яғни өрттің нақты шығу себебі мен шығын көлемі көп ұзамай белгілі болмақ. Жалпы қызыл жалын 2300 шаршы метр аумаққа шарпыған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз