- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жыныстық сауаттылық: бұл...
Жыныстық сауаттылық: бұл туралы балаға не айту керек?
Елімізде "жыныстық сауаттылық" тақырыбы көтерілсе, аға буын өкілдері бетін шымшып, ары қарай талқылауға тыйым салады. Бірақ бұл тақырып бала кезден ашық түсіндірілсе, мүмкін қаншама ауыр салдардың алдын алатын еді.
Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі балалар психологы Гүлсая Берікқызынан жыныстық сауаттылыққа қатысты маңызды сұрақтардың жауабын алды.
"Ашық дереккөзден алынған ақпараттың соңы белгісіз"
Психологтың айтуынша, бүгінде баламен жыныстық сауаттылық туралы әңгімелесу өте маңызды, өйткені интернеттегі ақпараттың бәріне бірдей қолжетімділігі қауіпті болуы мүмкін.
"Бізде ата-ана мен бала арасында немесе білім беру ұйымдарында бұл тақырып көтерілмейтіндіктен, бала өзіне қызық ақпаратты БАҚ беттерінен, фильмнен және басқа да ақпарат көзінен іздей бастайды. Ашық дереккөзден алынған ақпараттың ақыры қандай болары белгісіз. Баланың достары да дұрыс ақпарат көзі бола алмайды. Сондықтан ата-ана өзі дұрыс және бұрыс ақпаратты ажыратып, бала білуі қажетін өзі беруі керек. Сондай-ақ, баланың сұрағына ата-ананың өзі жауап беруі олардың арасында сенімді қарым-қатынастың пайда болып, нығаюында маңызды рөл атқарады", - деді ол.
Ал егер ата-ана баласының жыныстық тәрбиесімен айналысудан қорқып, өзінің қабілетіне сенімді болмаса, кез келген уақытта кеңес алу үшін білікті маманға жүгінуіне болады.
"Әрбір ата-ана перзентіне "Жолдан қалай дұрыс өту керек?", "Мектепте басқа балалар әлімжеттік көрсетсе, қайда жүгінемін?", "Неліктен бейтаныс адамдармен сөйлесуге, олар берген затты алуға болмайды?" секілді сұрақтардың жауабын түсіндіретіні анық. Бірақ жыныстық тақырыпқа келгенде балаға жасөспірімдік шақта ағзада қандай өзгерістер болатынын, жыныстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғану керегін айтпайды. Олар мұндай тақырыпты тыйым салынған, ыңғайсыз, өте ашық деп біледі. Осындай қарапайым іс-әрекет баланы қорғауға көмектеседі деп ойламайды", - деді психолог.
Фото: Pixabay.com
Жыныстық сауаттылықты қашан бастау керек?
Бұл тақырыпты көтеріп, ашық сұрақтарға жауап бергенде баланың жасын ескеру қажет. Балалар психологы адамның анатомиясы мен биологиясы туралы ақпарат балаға мектепке дейінгі жаста жетілу кезінде түсіндірілуі керегін айтты.
"Мен маман ретінде балаға жыныстық сауаттылықты шамамен 3 жасынан бастап өткізуге болады деп санаймын. Сабақ балаға жеке шекара туралы түсіндіруден басталады. Яғни, мектепке дейінгі жастан бастап балаға оның денесі, жыныс аймақтары жеке меншігі екенін түсіндіру қажет. Тіпті отбасы мүшелеріне де "жоқ" деп айтуды, бас тартуды үйреткен дұрыс", - деді маман.
Осы тұста балалар психологы қазақ халқының ер жігітке қатысты дұрыс емес жоралғысы туралы сөз қозғады.
"Өкінішке қарай, қазақтарда біртүрлі "әпшу бер" деген дәстүр бар. Бұл дұрыс емес. Бала денесіндегі жыныс аймағы тек өзінің жауапкершілігінде екенін білуі керек. Бұл дәстүрді қойған дұрыс", - деді ол.
Фото: pexels.com
Жыныстық сауаттылық бағдарламасында не болуы керек?
Сарапшы баламен әңгімені бастау кезінде мұқият болуға кеңес береді. Күрделі сөздерсіз, қарапайым тілмен. Диалогты табиғатта өсімдіктер мен жануарлардың көбею әдісін сипаттайтын суреттерді көрсету арқылы бастауға да болады.
"Мен жыныстық сауаттылық бағдарламасы баланың даму процесіне қатысты барлық дүниені қамтуы қажет деп ойлаймын. Жыныстық жетілу кезінде денеде қандай өзгеріс болатынын айтып, тазалық дағдыларын көрсеткен жөн. Мысалы, қыздарға етеккір кезінде төсенішті қалай дұрыс пайдалану керегін, қалай дұрыс жуыну керегін айту керек. Тиісінше, сексуалды бағдарлық, гендерлік сәйкестік сияқты жыныстық қатынастың психологиялық аспектілері туралы ақпарат беру де маңызды", - деді Гүлсая Берікқызы.
Балалар психологы Гүлсая Берікқызы баланың жыныстық тәрбиесімен айналысуға шешім қабылдаған ата-анаға бірнеше ұсыныс берді:
Біріншіден, ата-ана баланы өзіне жақын тартуы қажет. Баланың ұялшақтығын азайтып, ол ата-анасына сұрақ қоюдан тартынбайтындай жағдайда болуы шарт.
Екіншіден, егер мүмкіндік болса, бұл тақырыпта баламен ер адам, яғни әкесі, ал қызбен анасы сөйлескені жөн.
Үшіншіден, жыныстық сауаттылық туралы әңгімені бастағанда бірден барлық ақпаратты беруге тырыспау қажет. Мұндай асығыстық баланы алаңдатып, ол іштей "неліктен кенеттен бұл тақырыпты қозғады екен?" деп ойлауы мүмкін. Әңгіме жеңіл, кездейсоқ басталса, тіпті жақсы.
"Алдымен ата-ана бірнеше нәзік сөз тіркестерін айтуы керек. Мысалы, "мен сенімен не болып жатқанын көріп жүрмін", "мен саған көмектесуге дайынмын", "сені тыңдауға дайынмын, мен саған бәрін түсіндіре аламын", - деп түсіндірді маман.
Төртіншіден, жыныс мүшелерін міндетті түрде өз атауымен атау керек.
"Яғни, ешқандай балама сөз тіркесін қолданудың қажеті жоқ. Дұрысы - шүметей, сарпай, қынап, атабез және тағы басқа. Бірақ атауын айтып қана қоймай, оның қызметін ақылға қонымды етіп түсіндіру", - деді ол.
Фото: Midjourney
Мектепте "жыныстық сауаттылық" пәнін енгізу керек пе?
Балаға жыныстық сауаттылықты үйрету ата-ананың ғана міндеті емес. Бұл тандемдік жұмыс болуы тиіс, баламен үйде ата-ана, мектепте арнайы қызметкерлер жұмыс істейді.
"Жыныстық сауаттылықты үйретуді ана-ана, сондай-ақ мектеп бағдарламалары мен қоғамдық денсаулық сақтау науқандары арқылы жүзеге асыра алады, бірақ мен бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас өте маңызды деп санаймын, сондықтан ақпараттың көп бөлігін, әсіресе психологиялық сипатын ата-ана ұсынғаны жөн. Бірақ бұл мектепте бұл туралы "мүлде айтылмауы қажет" деген сөз емес", - деді маман.
Гүлсая Берікқызының сөзінше, мектепте жыныстық сауаттылықты қосымша сағат арқылы түсіндірген дұрыс.
"Өйткені, кейбір балалар мұндай ақпаратты бейтаныс адамнан немесе сыныстастарымен бірге тыңдаудан ыңғайсыздануы мүмкін. Мектептегі жыныстық сауаттылықты қарапайым пән ретінде енгізудің қажеті шамалы деп ойлаймын, недегенімен барлық жасөспірім мұндай тақырыпқа байыпты қарай алмайды, олардың жыныстық сауаттылыққа арналған сабағы күлкі сағатына айналу ықтималдылығы жоғары.
Дегенмен жыныстық сауаттылық туралы баласымен тікелей сөйлесе алмайтын ата-аналардың да барын ескеру қажет, сондықтан оқу орындарында арнайы маман болуы оңтайлы шешім болар еді", - деп қорытындылады сарапшы.
Тағы да оқи отырыңыздар: Арқа ауырғанда қай дәрігерге бару керек?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә