Қазақфильм vs Қазақанимация. Елді шулатқан "Алтын адам" жобасы туралы не белгілі?

Қазақфильмде тағы да дау шықты. Бұл жолы мәселе анимациялық жоба төңірегінде болып отыр. "Алтын адам" жобасының шығармашылық тобы "Қазақфильм" басшылығын айыптады. Олардың айтуынша, қызметкерлер бірнеше ай бойы жалақысыз қалған, оның үстіне ескертусіз тінту жүргізілген. Massaget.kz тілшісі мәселенің анық-қанығын білу үшін тараптармен сұхбаттасты. Қоғамда шу шығарған "Алтын адам" жобасы туралы не белгілі? Толығырақ материалда. 

Қазақфильм киностудиясы ұсынған сурет 

"Алтын адам" қандай жоба?  

"Алтын адам" анимациялық фильмі ежелгі уақытта Қазақстан аумағында өмір сүрген жасөспірімнің ғажайып оқиғалары туралы баяндайды. Анимациялық фильмнің сценарийін ақын, драматург, киносценарист Әннәс Бағдат жазған. 

"Кез келген халықтың ұлттық рухы мен ұлттық санасы, рухани мәдени асыл мұрасы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи болмыс-бітімі тарих бедерінде таңбаланып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жаңғырып, дамып отырады. "Тарихы жоқ елдің тамыры жоқ" демекші, "Алтын адам" анимациялық фильмі жас ұрпақты сақтардың тарихымен, көне жәдігер туралы аңызбен таныстыру мақсатында түсірілген", - дейді "Қазақфильм" киностудиясының өкілдері. 

Жобаның қаражаты қанша?

Ұлттық кино қолдау орталығының мәліметінше, жобаның жалпы құны - 378 миллион теңге. Орындаушыға атқарылған жұмыс үшін жалпы құны 294 миллион теңге төленген. Бұл - 2019-2023 жыл аралығы. Тапсырыс орындаушы жұмысты тағы 2024 жылғы наурызға дейін ұзартқаны үшін қалған 84 миллион теңге қаражат төленбей қалған. 

"Алтын Адам" анимациялық толықметражды фильмі 2019 жылы өндіріске енгізілді. Объектив жағдайларға (COVID пандемиясы және онымен байланысты шектеу шаралары - еск.) байланысты мультфильмді тапсыру 2020-2021 жылдар ішінде бірнеше рет кейінге қалдырылды.

  • Жобаның форматы -  толықметражды анимациялық 2D фильм. 

"Қазақфильм" киностудиясы ұсынған сурет  ⁠

Жобаның мақсаты қандай? 

 "Алтын адам" атауымен белгілі Сақ патшасы мұрагерінің басынан өткен оқиғаларын қызықты етіп суреттей отырып, көне тарихымыздың асыл жауһарымен таныстыру арқылы бүгінгі жас ұрпақ санасын ұлттық құндылықтарға баулу. Мұнда көрермен "Алтын адам" жасаған сонау Сақ заманындағы бабаларымыздың дүние-жаратылысқа деген сокральді көзқарасымен, өмір сүру мәдениетімен, қала өркениетімен қатар егін және мал шаруашылығы, соғыс өнері қатарлы өмір тынысын көре алады. Жас ұрпаққа бас кейіпкер Аңқылдың жақсылық (адамшылық) жолындағы жауыздықпен (қара күштермен) күресін баяндай отырып, жақсылықтың жеңіске жетіп, жамандықтың жеңіліске ұшырайтынына сендіру арқылы адамгершілік, мейірімділік сияқты адами қасиеттерді дәріптеу", - дейді киностудия өкілдері. 

"Алтын адам" толықметражды анимациялық фильмі бүкіл Қазақстан бойынша кинотетарларда көрсетіліп, шетелге де жіберу жоспарланған.

Жобаға қатысты Ұлттық кино қолдау орталығы не дейді?

"Бұл анимациялық жоба қазақ үшін қадірлі "Алтын адамның" рухани маңызын ашып көрсетуді мақсат етті. Жоба "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына" 2020 жылы ұсынылып, басталған. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы міндеттемелердің үдесінен шықпай, жұмысты толық аяқтамады және фильмді белгіленген уақытта өткізбеген. Осылайша, жобаны жүзеге асыру мерзімі жоспарланған 2020-2021 емес, 2020-2023 жылдар аралығында созылды. Жүзеге асыру мерзімі ұзарғаннан кейін жоба 2023 жылы нақты әрі толыққанды аяқталуы тиіс болатын", - делінген ресми жауапта. 

Мәселе қалай шешіледі?

"Қазақфильмнің" жобаға жауапты ұжымы фильмді өзара келісім арқылы аяқтап, "Алтын адам" анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20 пайызы Ұлттық кино орталығына аударылса, қалған 80 пайызы "Қазақфильмнің" үлесінде қалады. Осылайша "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы бұл жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейді. 

Еске салайық, бұған дейін "Қазақфильм" киностудиясында тағы дау шықты. Анимация бөлімінің штаттан тыс бірнеше қызметкері 7 ай бойы жалақысыз отырғанын, "Алтын адам" жобасы үшін ақы алмағанын, Үкімет бекіткен 500 миллион теңгенің жобасы басталмағанын және анимация бөлімінде тінту жүргізілгенін айтып наразылыққа шыққан еді. "Қазақфильм" киностудиясының басшысы Азамат Сатыбалды барлық айыптауды жоққа шығарып сұхбат берген еді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!