Абай облысында 22 миллион теңгеге салынған қоғамдық дәретхана жұмыс істемей тұр

Абай облысында 22 миллион теңгеге салынған қоғамдық дәретхана жұмыс істемей тұр. Абай облысы әкімдігінің өкілдері себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірлердің біріндегі жұмыс істемейтін дәретхана туралы журналист Оңғар Қабден әлеуметтік желіде жазды. Оның сөзінше, мұнда бекітілген қызметкердің жұмысы келген кісілерге "дәретхана жұмыс істемейді" деп айту.

"Абай облысында 22 миллион теңгеге айдалада жұмыс істемейтін әжетхана орнатып, сол істемейтін дәретханаға арнайы қызметкер бекітіпті. Оның жұмысы келген кісілерге дәретхана жұмыс істемейді деп айту", - делінген жазбада. 

Сондай-ақ, дәретханада су да, жарық та жоқ көрінеді. 

"Бізде, Абай облысында 22 миллион теңгеге қоғамдық дәретхана салынды. Мұнда қызметкер бар, бірақ дәретхананың өзі жұмыс істемейді. Бізді кіргізбейді. Айтуынша, су да, жарық та жоқ", - дейді видео авторы. 

Абай облысы баспасөз қызметі өкілінің мәліметінше, видеодағы дәретхана жергілікті маңызы бар жолдарда жол бойындағы сервисті дамытудың республикалық бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы Абай облысының "Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" автомобиль жолдарын күтіп ұстау қаражаты есебінен, Қасқабұлақ ауылының 98 шақырым Семей-Қарауыл автомобиль жолының бойында жол бойында орнатылған.

Өңір әкімдігі дәретхананың жұмыс істемей тұрғанын онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен байланыстырды.

"Бүгінгі таңда модульдік объект қосымша дайындық жұмыстарына байланысты уақытша жұмыс істемейді. Пайдалануға берілгенге дейін объектіні мердігер ұйым күзетеді", - делінген Massaget.kz тілшісінің сауалына берілген ресми жауапта. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Кәуапты қалай маринадтайды?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз