Дана Әтешованың ісі: омбудсмен балалардың қорғауға алынғанын айтты

Дана Әтешованың ісі: омбудсмен балалардың қорғауға алынғанын айтты
Фото: Видео кадры

Дана Әтешова бұрынғы күйеуі, Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтеновтің өзін балаларымен бірге үйінен күштеп қуып шыққанын мәлімдеді. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы омбудсмен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол Дана Әтешова мен оның балаларына болған деректер бойынша прокуратураға жүгінген.

"Зорлық-зомбылық әрекеттері дерегі бойынша, барлық іс-әрекет ескеріліп, әкімшілік іс жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Әкімшілік іс бойынша сот шешім шығарды, ал жаңа заңға сәйкес қозғалған қылмыстық іс бойынша (бұрын бұл әрекеттер әкімшілік кодекс шеңберінде қаралған), менің білуімше, материалдар жақын күндері сотқа берілуі керек.

Бұдан басқа, бұл оқиға атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы бұзуға да байланысты. Заңда атқарушылық іс жүргізу тараптары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің ғана қатысуы көзделеді, ал бұрынғы жұбайы және басқа да адамдар мұндай қызметте емес. Бұл дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, уәкілетті органдар өкілдерінің іс-әрекеттеріне байланысты қызметтік тексеру жеке жүргізіледі", - деді ол. 

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева балалардың психологиялық күйіне де тоқталды. 

"Бұл күндері әріптестерімен, өңірлік уәкілмен және қала әкімдігімен балаларға психологиялық көмек, аналарға балалар мәселелері бойынша қажетті заңгерлік кеңес беру ұйымдастырылды.

Бұған дейін маусымның ортасында әлеуметтік желіде жарияланған видеоны көріп, Данаға ақпарат жіберуді өтініп жазған едім. Нәтижесінде мен уәкілетті органға оның құзыретін ескере отырып, балаларға қатысты бөлігіне тоқталып, үндеу жолдадым. Сонымен қатар, сот ісін жүргізудің мәні мүліктік сипатта болды және сот шешіміне ешкім әсер ете алмайды және шағымданудың белгілі бір тәртібі бар.

Ажырасу процесі көбінесе отбасылардағы түрлі жағдайлармен қатар жүреді, бірақ балалардың азап шегуін ештеңе ақтай да, түсіндіре де алмайды, ал зорлыққа мүлде жол жоқ", - деп жазды ол. 

Еске салайық, Дана Әтешова бұрынғы күйеуі, Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтеновтің өзін балаларымен бірге үйінен күштеп қуып шыққанын мәлімдеген еді. 

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.

"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп күш қолданғанда осының бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - делінген жазбада.

Кейін Дана Әтешова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады.

Бұл оқиғадан кейні Астана полициясы отбасын үйінен қуып шыққан шулы бейнеден кейін тергеу жүргізілгені туралы хабарлады. 

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер дерегі бойынша әйелдің бұрынғы жұбайы Әйтеновке қатысты әкімшілік іс қозғалды.

"Ол уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылған. Материал сотқа жіберілді. Сонымен қатар, дене күшін қолдану дерегі бойынша соталды тергеу басталды", - деп хабарлады полиция.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек