- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бар айтарым -...
"Бар айтарым - осы". 7 жастағы Милана Давыдованы өлтіргендерге үкім шықты
Павлодарда 7 жастағы Милана Давыдованы өлтіргендерге үкім шықты. Аса қатыгездікпен жасалған қылмыс бойынша қыздың туған анасы мен оның көңілдесі анықталды. Жарыссөзде прокурор бұған дейін бірнеше рет сотталған күдікті ер адамның әрекетінде қауіпті рецидив байқалатынын айтып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал туған қызын өлімге қиған Татьяна Давыдованы 20 жылға соттауды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Судья прокурор сұраған жазаны еш өзгертпестен кесті. Соңғы сөзінде де әйел өз кінәсін мойындамады.
"Мен қызымды өлтірген жоқпын. Бар айтарым - осы. Ал алғашқыда өзіме тағылған айыпты мойындағаным шындыққа жанаспайды. Қатты күйзелістен не айтып, не қойғанымды да аңғармай қалдым", - сотталушы Татьяна Давыдова.
Өмір бойына бас бостандығынан айырылған оның көңілдесі Әбілдинов та баланы өлтіруге қатысы жоқ екен айтты. Тіпті сот залында өзіне қол салмақ болып қолын кескен. Дегенмен оның кінәсі сот тергеуіндегі алғашқы жауабымен, жәбірленуші, куәгерлердің жауаптарымен, басқа да дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.
Еске салайық, Милана Давыдова былтыр қарашада Павлодар облысы Бесқауға ауылында жоғалып кеткен. Оны 500-ден астам адам іздеген. Ал екі күннен кейін Милананың анасы жаға ұстатарлық мәлімдеме жасап, қылмысын мойындады. Сөйтіп үйдің жанындағы цистернаның астына жасырылған мәйітті көрсеткен.
Тергеуде бала өліміне қатысты жантүршігерлік деректер шықты. Тергеу мәліметінше, былтырғы қарашада балалары мектепте, ал күйеуі жайылымда болғанын пайдаланған әйел көңілдесімен үйде арақ ішіп, жыныстық қатынасқа түскен. Осы сәтті сабақтан ерте келген Милана көріп қояды.
Анасының бөтен еркекпен жақындасқанын "әкеме айтамын" деген қызды әйел аяусыз ұрып-соққан. Артынша қылмысты іске асыруға көңілдесі көмектесіп, баланы белдікпен буындырып, азаптап өлтірген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан