200-ге жуық адамға шетелдік компанияда жұмыс тауып берген маманнан кеңес

IT-рекрутер, 200-ге жуық маманның шетелдік ірі компанияларға жұмысқа орналасуына көмектескен Мирас Топбаев "Көзқарас" подкастында шетелде жұмыс істегісі келетін IT саласындағы мамандарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мирас Топбаев IT-рекрутер болып жұмыс істейді. Ол шетелдік компанияларға IT саласындағы мамандарды табуға көмектеседі.

IT-рекрутер - бұл IT-индустрияға таланттарды табатын жұмысшы. Ол компанияның қажеттіліктерін жақсы түсінеді және ең жақсы үміткерлерді ұсыну үшін еңбек нарығын талдайды. IT-рекрутерлер жұмыс іздеушілердің кәсіби дағдыларын бағалау үшін сұхбат жүргізеді, түйіндеме мен портфолионы талдайды. 

Мирас Топбаевтың айтуынша, шетелдік компанияда жұмыс істеудің ең бірінші талабы - ағылшын тілін білу.

"Ең бірінші және қарапайым талап - ағылшын тілін білу. Айналамызда ағылшын тілін үйрететін курстар қаптап тұр. Бірақ бізде әлі күнге дейін ағылшын тілін білмейтіндер көп. Уoutube-ты ашсаңыз, тегін білім толып тұр. Сонда да бізде ағылшын - проблема. Ағылшын тілі шамамен 5 жылдан кейін шешуші дағды емес, минималды талап болып кетеді. Оны үйренудің жолдары көп. Мысалы, мен өзім музыкамен үйрендім", - деді ол.

Ол сондай-ақ шетелде жұмыс істегенге дейін Қазақстанда тәжірибе жинауды ұсынды.

"Қазақстандық компанияда аз дегенде 2-3 жыл жұмыс істеңіз. Мен сізге бір лайфхак айтайын, американдық компанияға жұмысқа кіру үшін халықаралық тәжірибенің болуы міндетті емес. Егер ағылшын тіліңіз жақсы болса, өз ісіңіздің маманы болсаңыз, қандай компанияда жұмыс жасағаныңыз маңызды емес", - дейді Мирас Топбаев.

Маман IT мамандығын оқымаған, алайда оны жақсы білетін адамдарда шетелдік компанияларға жұмысқа тұра алатынын атап өтті.

"IT білімінің бар-жоғына қарамайды. Қазір бұл негізгі талап емес. IT мамандығын 4 жыл оқыса, әрине, бұл артықшылық. Кейбіреулер ақпараттық технологиялар мамандығын сұрауы мүмкін. Бірақ ол міндетті емес. Егер сен бәрін біліп тұрсаң, сол жобаны істей алатын болсаң, бізге бәрібір. Қазір IT-курстары бар. Соларды оқып та, жұмысқа тұруға болады. Алайда "3 айда IT-маманы болып кетесің деген" - дұрыс емес пікір. адам IT-дің базасын меңгеруі үшін аз дегенде 1 жыл керек. Содан кейін ғана бағыт таңдап бастайсың.

Көпшілік IT саласына ақша үшін келеді. Бұл салада ақша көп деп ойлайды. Алайда әркез олай емес. Бұл да басқа салалар секілді уақытты қажет етеді. Мысалы, 500-600 мыңға шығу үшін ең аз дегенде 2-3 жыл керек. Бірақ бұл да өзіңізге байланысты", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!