Жамбыл облысында кәсіпкер қайтыс болған жұмысшының отбасына өтемақы төлейтін болды

Жамбыл облысында жеке кәсіпкер жұмыс орнында қаза болған жұмысшының отбасына 3 миллион теңге өтемақы төледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қордай ауданында жұмыс беруші еңбек шартының орнына қызмет көрсету шартын жасасу арқылы жұмысшының өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктен жалтару фактісі анықталған. Бұл схема жеке кәсіпкерге жұмыс орнында қаза болған жұмысшының отбасына өтемақы төлемеуге мүмкіндік берді.

Қордай ауданы прокуратурасының сотқа берген талап қоюы бойынша көрсетілген адамдар арасындағы еңбек қатынастарының фактісі дәлелденіп, қаза болған тұлғаның отбасына 3 млн теңге төленді.

Биыл еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау шеңберінде өңір прокурорлары 14 651 адамның құқықтарын қорғады, оның ішінде 1 040 қызметкерге 281 млн теңгеге жалақы бойынша берешек төленді.

Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында еңбек шарттары жасалуға міндетті.

Бұл жұмысшыларға өздерінің конституциялық құқықтарын қорғауға кепілдік береді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз