Алматы облысында дәрігерлер әйелді үйінде босандырып алуға мәжбүр болған

Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлері әйелді үйінде босандырып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшерлері Қарасай ауданының Іргелі ауылының тұрғынын үйінде босандырып алды. Шақыртуға жедел жәрдем көлігі 20 минутта жеткенмен әйелдің толғағы 2 сағат бұрын басталған. Жүктіліктің 39-40-шы аптасына жеткен әйелді үйінде босандырып алуға мәжбүр болған. Шұғыл шақыру орнына 19/23 бригада фельдшері Мақпал Құнафина мен қосалқы фельдшер Бахытгүл Рысмендиева барған.

"Келе салып науқасқа жедел медициналық жәрдем көрсеттік. Шақырту түскен кезде диспетчер толық мәліметті берген болатын. Уақытты созбай бірден босандарып алуға көштік", - дейді, 19/23 бригада фельдшері Мақпал Құнафина.

Жедел медициналық көмектің арқасында 19/23 бригадасы әйелді аман-есен босандырып, Қаскелең аудандық ауруханасына жеткізді. Қазіргі уақытта науқас әйел де, оның сәбиі де аман.

Айта кетейік, Алматы облысының халық саны 1 млн 582 мың 52 адам. Соңғы 6 айдың ішінде облыстық жедел жәрдем қызметкерлері 327 мың 566 шақыртуға қызмет көрсеткен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!