Павлодарда балалар тоққа түскен: тұрғындар жанайқайын айтты

Павлодарда балалар тоққа түскен: тұрғындар жанайқайын айтты
Фото: "Алматы" телеарнасы

Павлодарда электр желісі дұрыс тартылмағандықтан, үй маңында жүріп-ақ зардап шегетіндер көбейген. Мәселен, балалардың ойда-жоқта алаңқайға ойнаймыз деп шығып, ауыр жағдайда ауруханаға түсетін жағдайы жиілепті. Енді өңірдегі ата-аналар жергілікті биліктен шұғыл әрекет етуді талап етеді. Алайда шырылдаған жұртты естір құлақ болмай, мәселе шешілмей тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Былтыр дәл осы жерде тағы бір ойын баласы тоққа түскен екен. Тұрғындардың айтуынша, айналадағы бағандар апат жағдайында, оларға 30 жылдан бері еш жөндеу жүргізілмепті, тексеріс те болмаған. Шағым айтқан жұрт ендігіде желілерді жер астынан жүргізуді талап етеді.

"Бармаған жеріміз, шағымданбаған орнымыз қалмады! Жыл бойы арызымызды арқалап әр есікке барамыз, тыңдап жатқан жан жоқ. Міне, осы тірек былтыр қатты бұзылып, ұшқындары жан-жаққа шашыраған. Тіпті бір бала токқа түскен", – деді қала тұрғыны Людмила Юзюк.

"Міне, сымдарды қараңыз қалай ілулі тұр, масқара емес пе?! Өте қауіпті. Жел тұрып, жаңбыр жауса ұшқын шығара бастайды. Құдай сақтасын, үзіліп кетсе, баланың бәрі зардап шегіп тіпті өліп кетуі мүмкін. Ал бізде бала көп", – деді қала тұрғыны Сайфулла Сабаров.

Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің мәліметінше, жаз басталғалы электр тоғынан зардап шеккен балалардың саны едәуір артқан. Жыл сайын демалыс кезеңінде стационарға 5-тен 15-ке дейін бүлдіршіндер мен жасөспірімдер түседі.

"Тоқ соққанда бала ең ауыр жағдайда сол жерде өліп кетуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл жүрек-қан тамырлары патологиясы, жүрек қағысының бұзылуы және күйіктерге алып келеді", - деді облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Фариза Милушева.

Бір ай бұрын облыстық балалар ауруханасына көшедегі электр тоғынан зардап шеккен бала түскен. Қазір оның жағдайы қалыпты. Жергілікті әкімдік бұл оқыс оқиға бойынша тексеріс жүргізіп, қауіпті аймақты қалыпқа келтіріп үлгеріпті. Ал тұрғындар шағымы бойынша жауапты органдар мен Павлодар электр желісін тарату компаниясының мамандары оқиға орнына барып, сараптама жасаған. Оның нәтижесін күткісі келмеген жұртшылық прокуратураға шағым жіберіпті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова