- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттен 1,5 миллион...
Мемлекеттен 1,5 миллион теңгені кім ала алады?
15 шілдеде 1 476 800 теңге көлемінде грант алуға өтінім қабылдау басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Business.enbek.kz порталында 15 шілдеден бастап 2-лек бойынша бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады. Республика бойынша екінші лекте 4 655 адамға грант беру жоспарланып отыр.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, негізгі мақсаты - жаңа бизнесті бастау және дамыту. Грант көлемі 400 АЕК (1 476 800 теңге) болады. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнесін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін мына нәрселерді істеу қажет:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Жаңа бизнес идеяны іске асыруға грант алуға мына адамдар үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Бұл ретте үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қандас мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.
Грантты қажет құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
"Үміткерлер өз бизнес жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру", - деп жазылған мәліметте.
Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрон форматта жасалады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова