- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында қарақұрт...
Атырау облысында қарақұрт қаптап кетті: мамандар мәселеге қатысты пікір білдірді
Атырау облысында қарақұрт шаққан 397 ойсылқара тұқымының 63-і өлген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облысының Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарында қарақұрт қаптауына байланысты ветеринариялық емдеу іс-шаралары жүріп жатыр.
Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақтілек Нұроллаеваның айтуынша, қазір зиянкес Индер ауданының Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылдарында қаптады. 217 бас түйеге симптоматикалық ем жасалған. Қалғанына ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ауырған және аурудан өлген жануарлардың қанынан сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды.
"Алғашқы жағдай 29 мамырда тіркелді. Барлығы тоғыз адамды шаққан, оның жетеуі - ересек адам және екеуі - 7 және 15 жастағы мектеп оқушысы. Қазірдің өзінде сегіз ауыл тұрғыны стационарлық ем алса, бір адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Ал біреуі ауруханаға барудан бас тартты. Ауруханаларда қарақұрт уына қарсы дәрі жеткілікті", - деп жазылған мәліметте.
Ауыл шауашылығы басқармасы өкілдері емдік шаралардың ақысы мен өлген малға өтемақы төлеу қарастырылмағанын нақтылады.
Еске салайық, бұған дейін де Атырау облысында қарақұрт шаққан он адам ауруханаға түскені хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова