Ақтөбеде су басқан үйлер сүріліп жатыр

Ақтөбеде су басқан үйлер сүріліп жатыр
Фото: Кәмшат Қопаева

Ақтөбеде су тасқыны кезінде апат жағдайындағы деп танылған үйлер сүріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың іргесіндегі жұртшылық Новостройка аталып кеткен бау-бақша ұжымының тұрғындары көктем келсе үдере көшеді. Себебі іргеде Қарғалы өзені ағып жатыр. 2017 жылы да тұрғындар қызыл судың зардабын тартқан болатын. Ал биылғы тасқын бұл аумақтағы үйлерді тіпті  жарамсыз қылып тастады. Қазіргі таңда тасқын кезінде қираған үш үй бұзылды. Сүріп тастаған үйлердің жері мемлекет қорына қайтарылады. Бұл шаралар үй иелерінің жазбаша келісімімен жасалды. Оларға құлаған үйлерінің орнына жаңа пәтерлер беріліп жатыр.

"Көктем келсе тасқын судың зардабын тартамыз. Биылғы жағдайды еске алудың өзі қорқынышты. Киім-кешегімізді алып үйден шығып үлердік. Қарғын су баспанамызды жарамсыз қылып тастады. Әйтеуір далада қалған жоқпыз. Әкімдік қалада салынған жаңа үйден пәтер берді. Ризамыз. Бұрын да үйіміз суға кетті. Бірақ мұндай нақты көмекті бірінші рет көріп отырмыз. Еліміз бойынша су тасқынынан зардап шеккендерді қолдап жатқан ел Президентіне алғысымыз шексіз", -  деді тұрғынСайлау Медетов

Бүгінгі таңда бағалау комиссиясының қорытындысы бойынша су тасқыны салдарынан 190 үй апатты деп танылды, оның 75-інің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді. Қор арқылы пәтер сатып алып беріп, көшіру шаралары жалғасып жатыр.

Ал үйлері апаттық емес тұрғындарға жөндеу үшін өтемақы төленіп жатыр.

"Су тасқыны салдарынан бұзылған үйлерді де монтаждауымыз керек. Себебі, ол құлағалы тұрған үйлер осы маңда тұратын өзге тұрғындарға қауіп туғызады. Әзірге жаңа пәтерлерге көшірілген 75 отбасының апатты үйлері сүріліп, жерлері мемлекет қорына қайтарылады", - деді қала әкімінің орынбасары Сұлтан Аманчин.

Тұрғындарға үйлерін бұзбас бұрын бір ай уақыт берілді. Олар өздеріне қажетті мүліктерін, демонтаж кезінде құрылыс материалдарын алып кетуге құқылы. 

Фото: Кәмшат Қопаева

Кәмшат Қопаева

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz