"Балаға ашуын шығаруға мүмкіндік берген жөн". Бала абьюзер болып өспеуі үшін не істеу қажет?

"Балаға ашуын шығаруға мүмкіндік берген жөн". Бала абьюзер болып өспеуі үшін не істеу қажет?
Фото: ru.freepik.com

Абьюзер адаммен бірге өмір сүру айтарлықтай қиын. Өйткені ол өзге адамның бостандығын шектейді, психологиялық тұрғыдан қыспаққа алады, тіпті ұрып-соғуы да мүмкін. Ал заманауи қоғамда физикалық зорлық-зомбылықпен күреске аса назар аударылып, заң жүйесіне тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Сондықтан перзентіңіздің жақсы адам болуы және жарқын болашағы үшін онымен бала кезінен бастап жұмыс істеу керек. Осыған байланысты балалар психологы, монтессори-педагог Гүлсая Берікқызы Massaget.kz тілшісі баланың абьюзер болып өспеуі үшін не істеу керегін түсіндірді.

Психологтың айтуынша, абьюзер адам кез келген отбасыдан тәрбиеленіп шығуы мүмкін. Яғни отбасының кедей, бай, ауқатты, отбасы мүшелерінің білімді болуы, баланың қандай болатынына әсер етпейді. Отбасы бай, ата-анасы тәрбиелі, өнегелі адамдар болса, оның баласы абьюзер болмайды деген қағида жоқ. Бай, көпті көрген отбасыдан абьюзер, ал қаржылық қиындықтары бар, ата-анасы ішкілікке салынған отбасыдан мейірімді бала шыға алады. Отбасы қандай болса да, ата-ананың бірі абьюзер болса, ол қасиет баланың бойында да байқалады.

"Абьюзивті ата-ана дегеніміз ата-ана немесе олардың бірі өзі байқамай, балаға эмоционалды зорлық-зомбылықтың нәзік әдістерін қолдануы. Мысалы, қазақтарда "Ертең өскенде кім боласың? Сол жүресің еден жуып" деп айтып жатады, мұнда құнсыздандыру мен сын бар. Ал "Ана жұрттың баласын қарашы, сабағын да жақсы оқиды, үйдің шаруасын да жасайды. Ал сенің қолыңнан дым келмейді" деген сөзден салыстыру байқалады", - деді ол.

Ата-ананың көзқарасы баланың дамуына тікелей әсер етеді. Көзқарас әдетте оң және теріс болады. Әрине, ешбір ата-ана перзентіне жамандық ойламайды, алайда кейде олар өздері байқамай, балаға қарапайым сөзі арқылы теріс әсер етеді. Мысалы, сен ең ақылдысың, әдемісің, пысықсың деп мақтаған сайын баланың өзін-өзі бағалауы жоғарылайды. 

"Ата-ана баланы емес, алдымен өзін тәрбиелеуі қажет"

Сондай-ақ, Гүлсая Берікқызы ата-ана баладан бұрын өзін тәрбиелеуі керегін айтты. 

"Мен ата-аналарға әрдайым баланы емес, алдымен өздерін тәрбиелеуді ұсынамын. Өйткені отбасыда еркек әйеліне қол көтеріп, зорлық-зомбылықтың түрлерін көрсететін болса, балаға "қыздарды қорғау керек, олар нәзік, оларды сыйлап, құрметтеу керек" деп айтудың пайдасы болмайды. Немесе керісінше, егер анасы ұлдарының көзінше қызына дауыс көтеріп, дұрыс қарамайтын болса, бұл да ұл тәрбиесінде оң нәтиже бермейді. Қазақтарда анасы қызына "қолыңнан түк келмейді, оқымағансың, ақылың жоқ, сені кім тұрмысқа алады" деп төмендетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Бала ата-анасының іс-әрекетін қайталайтынын ұмытпаған жөн", - деді ол.

Отбасыдағы ұрыс-керіс балаға қалай әсер етеді?

Кез келген отбасы мүшелерінің арасында түсініспеушілік болады, бірақ маман мейлінше балалардың көзінше жанжалдаспауға шақырды. 

"Ерлі-зайыпты балаларының көзінше жанжалдасқан кезде олардың психикасына қалай теріс әсер ететінін түсіне бермейді. Ал егер бала түсініспеушіліктің куәгері болса, кейінірек ашық сөйлесіп, бірінші кезекте оны қалай жақсы көретіндеріңізді айтып, ол өзін қалай сезінетінін сұраған жөн. Оған ешбір түсініспеушілік отбасының шырқын бұзбайтынын, арадағы қарым-қатынасты өзгерте алмайтынын түсіндіріңіз. Ал ең маңыздысы, балаға жарыңызды жамандамау, оны сынамау және баланы оған қарсы тұрғызбау", - деді психолог.

Мейірімін көрсетпейтін ана-ана мен баланың абьюзер болуының арасында байланыс бар ма?

Психологтың сөзінше, балаларына жеткілікті мейірім көрсетпейтін ата-ананың балалары тұйық, мазасыз, айналасындағыларға ыңғайлы тұлға болып өседі. Қыз ата-анасынан махаббат сезінбегендіктен, бөтен адамнан жылу іздейді және абьюзерге ұзақ уақыт бойы шыдап жүре беруі мүмкін. Ал ұл ата-анасының назарын өзіне аударту үшін бұзық болып, мектепте әдейі төбелесуі, ашуланшақ болуы ықтимал.

Неліктен ер адам білімді, сауатты болса да, абьюзер болуы мүмкін?

Гүлсая Берікқызы неліктен ер адам білімді, сауатты, көпті көрген тұлға болса да, абьюзер болуы мүмкін екенін түсіндіріп, ер адамның бұлай қалыптасуын функционалды тәрбиемен байланыстырды. 

Функционалды тәрбие - отбасыда тек қана физикалық қажеттілік қанағаттандырылатын тәрбие түрі. 

"Тәрбиенің функционалды формасы қолданылатын отбасыда ата-ана балаларды тек өсіреді, оқытады, киімін алып береді, тамағын дайындайды, бірақ баламен байланыс орнатпайды. Яғни ата-ана мен перзенттің арасында жылы қарым-қатынас жоқ, олар тіпті жан сырын ақтарып сөйлесе алмайды. Баланың эмоциясы мен сезімдеріне назар аударылмайды. Тиісінше, мұндай бала болашақта не қалайтынын білмейтін, ойына келгенін істейтін адам болып өседі. 

Сондай-ақ, егер балалық шақта адамға ашуын шығаруға мүмкіндік берілмесе, ол есейгенде екі есе болып шығады. Мұндай салдар әдетте үлкенге қарап мүлде сөйлеуге болмайтын отбасыда кездесіп жатады. Мысалы, анасы не әкесі баласына "маған сөз қайтарма, айғайлама, мен саған үй, ас, киім беріп отырмын, маған дауыс көтеретін сен кімсің?" деп айтатын отбасылар. Осындай әрекет арқылы бала "билік" сөзінің мағынасын теріс түсінуі мүмкін", - деп түсіндірді монтессори-педагог.

Бала абьюзер болып өспеуі үшін не істеу керек?

Гүлсая Берікқызы балалар психологы ретінде ата-аналарға кеңес берді. 

Біріншіден, баланы жақсы көру және қабылдау керек.

"Баланың қателесуіне жол беру өте маңызды, біз бәріміз өмірді бірінші рет сүріп жатырмыз, сондықтан қателесу қалыпты жағдай. Балаға эмоционалды интеллектті қалай көрсету керегін көрсету керек, эмпатияны үйрету керек, қандай жағдайларда сезімді көрсету керегін үйрету керек. Ата-ана баламен ғана емес, серіктесімен, айналасындағы адамдармен де жақсы байланыс орнатуы керек. Осылай олар баласына өз қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, басқаларды құрметтеудің маңыздылығын көрсетеді", - деп қорытындылады маман.

Екіншіден, баланы ешқашан құнсыздандырмаңыз.

Үшіншіден, баланы тәрбиелеу әдісі ретінде күш қолданбаңыз.

Тағы да оқи отырыңыздар: Алматыдан Көлсайға неше сағатта жетуге болады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә