Көкшетау тұрғындары ұлттық парк аумағында мазутты көлшіктердің пайда болғанына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ке сілтеме жасап.
Жұртшылықты Щучинск-Бурабай демалыс орталығының қақ ортасындағы қара-қоңыр түсті сұйықтық шошытқан. Тұрғындар әлеуметтік желіге бейнежазбалар жүктеп, мазутты көлшік ескі кәріз жүйесінен ағып, жақын маңдағы су арналарын ластап жатқанын айтып жатыр.
Алайда аймақтың экология департаменті тұрғындардың алаңдаушылығына негіз жоқ деп, жыл сайын көктемде еритін қар суының көлге түспейтінін хабарлады.
Мамандардың айтуынша, наурыз айында ауа-райының қолайсыздығынан Щучинск қаласының қазандығындағы мазут резервуары бүлінген. Жоспардан тыс тексеріс барысында сұйықтықтың төгілгені және оның салдарынан жер мен еріген қар суының ластанғаны анықталды. Кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Қайта тексеріс барысында мекемеде жағдай қалыпқа келіп, олқылық анықталмаған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!