Алматыда маусымдық аллергиясы асқынғандар саны күрт өскен

Алматыда маусымдық аллергиясы асқынғандар күрт өсті. Науқастар көп жағдайда көзі, мұрны мен тамағы қабынатынына шағымданады. Кем дегенде жылына бір рет дәрігерге қаралып, арнайы екпе жасататындар өзін әлсіз сезінеді екен. Жағдай әсіресе шілде мен қазан айларының аралығында өрши түседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ақнұр Аманның көктемде басталған аллергиясы қара күзде бір-ақ басылады екен. Ол осындай маусым нағыз сынаққа айналатынын айтып отыр. Қала тұрғыны ауруы асқынып кетпес үшін жылына бір мәрте дәрігерге көрініп тұрады екен. Әйтпесе, мұрыннан су ағу, көздің жасаурауы, түшкіру үдеп кетеді дейді.

"Көп түшкіре бастаймын, яғни мөлшерсіз болады, шамадан тыс көп болады және көзім қышып, көзім жасауратып, тамағым қышып бастайды. Ең басты симптомдарым сол ғой. Негізі жыл он екі ай ғой. Өзімнің байқауым бойынша көбінесе жазда болады. Көктем келе салысымен байқаймын қалай дамып жатқанын, өршіп жататынын", - дейді Ақнұр Аман.

Мамандардың айтуынша, аллергия күннің, ауаның, шаң-тозаңның, өсімдіктердің, тағамдардың, дәрі-дәрмектермен түрлі бояғыш заттардың денеге кері әсерінен пайда болады.

"Бұл негізінен қоршаған ортаның ластануынан, адамның дұрыс өмір салтының ұстанбауынан, түрлі қоспа мен бояғышы бар аспен тамақтанудан, қантты энергетикалық газдалған сусындарды пайдалану кесірінен болады. Сонымен қатар ұйқының бұзылуы, стресс, шамадан тыс жұмыс, өзін-өзі емдеу де кері әсер ететіні рас. Бұл маусымдық аллергия көбінесе гүлдердің тозаңынан, шаң, дәрі-дәрмектер, тамақ өнімдерінен пайда болады", - дейді аллерголог-дәрігер Ділдәш Қадырова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, аллергия жыл сайын екі есеге өседі екен.

"Келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен бір жарым есе көп. Екі медициналық орталыққа айына жүзге жуық науқас келеді. Тамыз, қыркүйек айларында бір дәрігердің өзіне 200-300 науқас қаралады", - дейді жоғары санатты дәрігер, еуропалық аллергология және иммунология академиясының мүшесі Зайтуна Тұрдиева.

Маусымдақ індетке шалдықпас үшін мамандар кем дегенде жылына бір рет дәрігерлерге қаралу керегін айтады. Себебі аллергияның соңы созылмалы демікпеге ұласып кетуі мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!