Абай ауданының тұрғыны бұрынғы әйелін қорқытқаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай облысы Үржар ауданының 36 жастағы тұрғыны бұрынғы әйелі дәмханада отырғанын көріп кірген.
"Бұрынғы әйелі кәмелетке толмаған екі баласын үйде жалғыз қалдырғанына ашуланған ер адам үстелден шанышқыны алып, қауіп төндірген. Құрбысының денсаулығына қауіптенгендер дәмхана әкімшілігін көмекке шақырған, ал олар полиция шақырған", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, ер адам Қылмыстық кодекстің 115-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Жаза тағайындау кезінде сот ер адамның кінәсін толық мойындағанын, алайда жәбірленуші кешіргенін және 3-топтағы мүгедек екенін ескеріп, 60 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындаған.
"Сотталған адам ауылдық округ әкімдігінде сыпырушы болып жұмысқа орналасқан, осы уақытқа дейін сот белгілеген 30 сағаттан аса жұмыс істеген", - дейді Үржар аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы Елдос Ерденбеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!