Қазақстанда мүгедектігі бар қанша адам бар?

Қазақстанда мүгедектігі бар қанша адам бар?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда қанша мүмкіндігі шектеулі адам бар? Оларға қандай көмек көрсетіледі? Massaget.kz тілшісі сауалдарға жауап алу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдады. 

Қазақстанда қанша мүгедектігі бар адам бар?

Инклюзия департаменті мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 725 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады.

  • Ересек адамдар - 615,5 мың адам (бірінші топтағы мүгедектігі бар адам - 76,4 мың адам, екінші топтағы мүгедектігі бар адам - 270,7 мың адам, үшінші топтағы мүгедектігі бар адам - 268,4 мың адам);
  • 0-ден 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны - 109,5 мың.

elements.envato.com

2021 жылы Қазақстанда 696,8 мың мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде ересек адамдар - 598,5 мың адам (бірінші топтағы мүгедектігі бар 67,6 мың адам, екінші топтағы мүгедектігі бар 272,6 мың адам, үшінші топтағы мүгедектігі бар 258,4 мың адам), мүгедектігі бар балалар саны - 98,3 мың.

2022 жылы 711,8 мың мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде ересек адамдар - 607,5 мың адам (бірінші топтағы мүгедектігі бар 71,5 мың адам, екінші топтағы мүгедектігі бар 271,4 мың адам, үшінші топтағы мүгедектігі бар 264,6 мың адам), мүгедектігі бар балалар саны - 104,3 мың.

elements.envato.com

Мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы қалай төленеді?

Мүгедектігі бар адамдарға еңбек өтілі бар ма, жоқ па, жәрдемақы алу үшін жұмыс тоқтатылғанына немесе жалғасқанына қарамастан, республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.

"Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Күнкөріс деңгейі жоғарылауына байланысты олардың мөлшері жыл сайын көтеріледі. Кейбір жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жәрдемақы екі рет көтерілді", - деп жазылған ведомствоның Massaget.kz-ке жауабында.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

  • 2022 жылы жәрдемақы мөлшері екі рет көтерілді: 1 қаңтардан бастап 5 пайызға, ал 1 сәуірден бастап инфляция деңгейі өзгеруіне байланысты қосымша 4 пайызға дейін;
  • 2023 жылы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері екі рет көтерілді: 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға, ал 1 шілдеден бастап қосымша 14,5 пайызға дейін, бұл олардың жылдық мәнде 23 пайызға өсуіне әсер етті.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 7 пайызға өсті.

"2024 жылғы 1 маусым бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 541,8 мың адамға 74 мың теңге болады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) республикалық бюджеттен 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде жәрдемақы төленеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш - 69 886 теңге", - деп жазылған ведомствоның Massaget.kz-ке жауабында.

Мүгедектігі бар адамдарға қандай көмек түрлері бар?

  • оңалтудың техникалық және көмекші (компенсаторлық) құралдары;
  • протездік-ортопедиялық көмек;
  • санаторийлік-курорттық ем;
  • жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтері және арнаулы әлеуметтік қызметтер.

depositphotos.com

"2023 жылғы 1 шілдеден бастап:

  • "Spina bifida" диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдар үшін бір рет қолданылатын майланған катетерлермен қамтамасыз ету (жылына 2 190 дана; жыл қорытындысы бойынша 79 МбА катетердің жаңа түрлеріне тапсырыс берілді);
  • міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етудің нормалары ұлғайтылды (күніне 2 данадан 4 данаға дейін, жыл қорытындысы бойынша 410 азамат тапсырыс берді);
  • психикалық бұзылулары бар балаларға арналған санаторийлік-курорттық емдеу (еріп жүретін адамдармен) көзделген", - деп жазылған жауапта.

еlements.envato.com

Жұмыста жүргенде жарақат алса...

"Жұмыс беруші мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеген жағдайда зардап шеккен қызметкер МӘСҚ-нан еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем ала алады. Әлеуметтік төлем мөлшері жеке анықталады, ол қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әлеуметтік аударымдарды төлеу ұзақтығына тікелей байланысты", - деп жазылған жауапта.

depositphotos.com

"Егер еңбек ету қабілетінен айырылған азамат жұмысына байланысты мертіккен болса, жазатайым оқиғалардан зардап шеккен қызметкердің пайдасына міндетті сақтандыру шартын жасасқан жағдайда сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері көзделген", - деп жазылған жауапта.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова