- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда қанша блогер...
Қазақстанда қанша блогер бар және олар қанша салық төледі?
Былтыр блогерлерге қатысты заң қабылданды. Осыдан кейін блогерлер "енді біз де салық төлейміз" деп дүрлікті.
Massaget.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне ресми сауал жолдап, Қазақстанда қанша блогер барын, олар қанша теңге салық төлегенін анықтауға тырысты.
Заң бойынша блогер деген кім, олардың жұмысын кім қадағалайды?
2023 жылы 10 шілдеде "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заң қабылданды. Бұл - тікелей блогерлердің жұмысына қатысты заң. Заң бойынша Қазақстан аумағындағы онлайн платформаларға байланысты жарнама, оны жариялау, тарату, сақтау секілді процестер реттелетіні айтылды. Ал тиісті заңға сәйкес әлеуметтік желіні және ондағы онлайн жарнаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі бақылайды.
Осы заңға сәйкес, блогер, яғни инфлюенсер - әлеуметтік желілерде халыққа ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын желі қолданушысы.
depositphotos.com
Комитетте қанша блогердің тізімі бар?
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, блогерлердің қызметіне салық бақылауын жүргізу үшін 745 адамның тізімі жасалған. Соның ішінде:
- 499-ы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, яғни 67 пайызы;
- 246-сы жеке тұлға; яғни 33 пайызы.
"Тізімге Instagram, Youtube, TikTok желілерінде 20 мыңнан аса жазылушысы бар жеке тұлғалар енгізілген", - деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке жауабында.
Блогерлер былтыр, биыл қанша теңге салық төледі?
Мемлекеттік кірістер комитеті жасақтаған тізімге енген 745 блогер (инфлюенсер - еск.) мына көлемде салық төлеген:
- 2023 жылы 513 229 224 теңге;
- 2024 жылғы салық төлеу кезеңінде 715 086 719 теңге көлемінде бюджетке салық төленген.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Блогер табысының қанша пайызын салық ретінде төлеуі керек?
Кәсіпкерлік кодекске сай мына шарттардың бiрiне сай келетiн жеке тұлғалар, яғни жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатындар; жеке кәсіптен ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерiнен асатын мөлшерде салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық кіріс табатындар жеке кәсіпкер ретінде мiндеттi тiркеледі.
Осылайша салық төлеуші өзі таңдаған салық режиміне қарай салық төлейді. Салық режимдері:
- Жалпыға бірдей режим бойынша салық мөлшерлемесі жеке кәсіпкер үшін 10 пайыз;
- Арнаулы салық режимдері бойынша салық мөлшерлемесі 1 пайыз бен 8 пайыз аралығы.
"Инфлюенсер (блогерлерге) тиімді салық режимі – оңайлатылған арнаулы салық режимі", - деп жазылған ведомство жауабында.
Салықтан жалтарған блогерлер бар ма?
Азаматтардың салық төлегені немесе төлемегені туралы ақпарат деректерді, оның ішінде әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы бақыланады.
"Түрлі ақпарат көздерімен (ЭШФ, экспорт бойынша мәліметтер, 100.01 және 220.01 қосымшалары бойынша контрагенттермен өзара есеп айырысулар, Z-есептер мәліметтері) салыстыру кезінде 220.00 СЕН және 910.00 СЕН бойынша кірісті төмендетуге қатысты 745 адамға камералдық бақылау жүргізілді. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бүгінгі таңда 37 тұлғаға жалпы сомасы 630,1 миллион теңгеге табысын азайтып көрсету дерегі бойынша хабарлама жіберілді", - деп жазылған ведомство жауабында.
depositphotos.com
Заңбұзушылықты жою туралы хабарлама алған салық төлеуші отыз жұмыс күні ішінде мұны орындауы қажет. Салық төлеуші хабарламамен келіскен жағдайда қосымша салық есебін тапсырып, кемшілікті жояды. Хабарлама орындалмаған жағдайда салық төлеушіге қатысты салық тексерісі тағайындалады.
Айта кетейік, 2024 жылдың басында сол кездегі премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елімізде 400-ден аса тіркелген блогер барын, сонымен қатар, олар 2023 жылы 200 миллион теңге салық төлегенін айтқан еді.
"Олардың қызметі бизнеспен байланысты болса, салық төлеуі керек. Ол үшін арнайы салық режимі бар. Жүктеме 1 пайыздан 4 пайызға дейін", - деген еді бұған дейін Жамаубаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова