Журналист Айдос Садықовты өлтірмек болған күдіктілер ұсталды: ІІМ пікір білдірді

Журналист Айдос Садықовты өлтірмек болған күдіктілер ұсталды: ІІМ пікір білдірді
Фото: ашық дереккөз

Журналист Айдос Садықовқа қастандық жасағандар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналистің әйелі Наталья Садықова хабарлады. Оның сөзінше, журналисті өлтіруге екі адам оқталған. 

Наталья Садықованың сөзінше, күдіктілердің бірі - Қостанай облысының Ішкі істер департаментінде жұмыс істейтін Мейрам Қаратаев болған. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

"Мейрам Қаратаевқа қатысты: оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел іс-шаралар жүргізудеміз. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі", - делінген ІІМ хабарламасында. 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірген болатын. 

– Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина