"Неге қыз сияқты майысасың?" 200-ге жуық адамға жұмыс беріп отырған жігіт өміріндегі қиын кездерді еске алды

"Неге қыз сияқты майысасың?" 200-ге жуық адамға жұмыс беріп отырған жігіт өміріндегі қиын кездерді еске алды
Фото: instagram.com/nurkhan_nurmakhanbet

Қазақстандық клининг-компанияның директоры, әлеуметтік желіде танымал блогер, кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет бүгінде 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстан бойынша алты филиалды басқарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Анасын Меккеге апарып, пәтер мен су жаңа көлік сатып алған жігітке Желі қолданушылары неліктен көп тиіседі?"

Кәсіпкер жігіттің өзі журналист Абылайхан Өмірбайға берген сұхбатында осы тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап берді.

"Мені келеке қылып, мінез-құлқым туралы, бетім, тісім туралы айтып жатады. "Неге қыз сияқты майысасыз?", "Басқаша жүргізуге болмай ма?" деген сияқты көп пікір келеді, бірақ мен оған өте қатты мән бермеймін. Себебі ел, халық болған соң айта береді деп ойлаймын, оған мән бермеу керек, керісінше, оған қарсы жұмыс істеу керек. Олар айтты екен деп, тоқтамаймын, артқа қарай шегінуге жол жоқ. (...) Мен оған өте қатты мән бермеймін, бұл - менің образым. Образым болмаса да, мен өмірде де және әлеуметтік желілерде де сондаймын. Туғаннан бері сондаймын. Мен одан ұялмаймын. Себебі қалай Алла тағалам жаратты - солай әрі қарай жүріп, өз жұмысыңды жалғастырып кетесің. Маған осы кісілер айтты екен деп, "Мен енді алжапқыш тақпаймын", "Дәретхана жумаймын не болмаса әлеуметтік желілердегі қызық тиктоктарға түспеймін" деп тоқтап қалмаймын. Өйткені бұл - менің жеп отқан наным, отбасымды асырап отырмын. Осы кәсіп арқылы көлік алып жатырмын және "бір оқпен екі қоянды атып жатырмын" десем де болады, өзімнің жеке блогымды жүргізіп жатырмын. Осы блог арқылы жарнамаға да түсемін, одан та қосымша табыс түседі. Сол үшін жазылған пікірлерді көңіліме алмаймын. Керісінше, олар мені көтеріп жатыр. Сол арқылы мен дамып жатырмын", - деді ол.

Нұрхан Нұрмаханбет бастапқыда жағымсыз пікірлерді оқып, бір апта бойы жұмыс істемей жатып қалған кезін де еске алды.

"Мені ғана араластырмай, отбасымда да ол жерге тығып жібереді ғой. Бір мысал айтып кетейін. Ұят болса да, шыны керек, жазылған әңгіме. Соған мен қатты намыстанғанмын, бірақ қазір ол ұмытылды десек те болады. Әкем жайлы айтқан. "Мұның әкесі бар ма өзі, әлде жоқ па?", "Әкесі болса, неге бұған дұрыс тәрбие бермейді?", "Еркекше жүрмей ме?", "Неге майысып жүреді?", "Бір нәрсесі кем бе?" деген сияқты сөздер болған. Сол сөз жүрегіме өте қатты тиген. Бұл сөз қазір де айтылып жатыр, ара-арасында оқып қаламын. Көмекшілерім де оқып отырады ғой енді барлық пікірді. Сол сөз маған қатты тиген. Содан кейін мен бір апта жатып қалғанмын, ауырып. Депрессияға түсіп", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан