Абай облысында шегіртке қаптап кеткен

Абай облысында шегіртке қаптап кеткен
Фото: Видеодан алынған кадр

Абай облысының Ақсуат ауданындағы жайылым мен шабындық жерлерді шегіртке отап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жергілікті тұрғындар шегірткенің көптігінен "Қыстық мал азығын дайындай алмай қаламыз ба?" деп қауіптеніп отыр. Ал билік өкілдері алқаптарды дәрілеу жүргізіліп жатқанын айтты.

"Бірден дүмеп, қарша орап қыр жақтан су арқылы қаншама келді, бір екі сағаттың ішінде жоқ болды. Дәл қазіргі жағдайда егістіктің жағдайын айта алмаймын. Жапырағын жеп кеткен. Сабағынан енді өніп шықпайды-ау. Ал қыстық мал азығын дайындай алмай қаламыз ба? Шегіртке егістік былай тұрсын, есік алдындағы алақандай жерге қаптап әбігерге салды. Улап жатыр, оған кетіп те қарық болып жатқан жоқ-ау. Қорықпайды екен ", - дейді ауыл тұрғыны Мырзахан Есенжолов.

Қазір Шымкенттен келген мамандар ауыл шаруашылығы мақсатындағы екі мың гектар алқапты залалсыздандырып жатыр. Сондай-ақ үш елді мекенге қарасты жайылым жерлерді де дәрілеу жоспарланған.

"Ауданда саяқ шегірткесінің экономикалық зиянды шегі 1 500 гектарға жетіп отыр. Бұл Қызылкесік ауданында – 1 360 гектар. Екпін ауылында – 200 гектар. Химиялық өңдеу жұмыстарын Шымкент қаласынан "Бағжан" ЖШС жүргізуде. Зиянкес итальян прусі шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Ойшілік ауылдық округінің Көкбастау, Айнабастау елді мекендерінің 1500 га жайылымдық жерлеріне де жасалады", - дейді Ақсуат ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бейбіт Сербатыров.

Бүгінгі күні химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін компания Аягөз ауданының жерлерінде саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аягөз ауданының жерлерін болған соң кестеге сәйкес Қызылкесік ауылдық округінің Үштөбе ауылының елді мекен жайылымдық жерлеріне жасайтын болады.

Ал Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Ертай Қуанбаев өңдеу жұмыстары заңға сәйкес мемлекет қорындағы жерлерде атқарылады. Ал, шаруа қожалықтары иелігіндегі жерлерге өз қаражаты есебінен жүргізетіндігін айтты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz