"Халықтың байлығын қашанғы қалтасына баса береді?" Депутат Мәжіліске келмеген "ҚТЖ" басқарма төрағасына шүйлікті

"Халықтың байлығын қашанғы қалтасына баса береді?" Депутат Мәжіліске келмеген "ҚТЖ" басқарма төрағасына шүйлікті
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліске келмеген "ҚТЖ" басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевқа шүйлігіп, ұлттық компаниялардың төрағаларын Парламентке есеп беруге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның пікірінше, көлік тасымалы саласында шешілмеген көптеген мәселе бар.

"Көлік саласы – еліміздің экономикасының драйвері. Бұған дейін мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма берді. Бірақ бұл салада кемшілік көп. Жоғары аудиторлық палата төрағасының берген есебін қарасақ, бұл жер әбден жемқорлыққа батқан. Депутат Руслан Берденов дұрыс айтып отыр. Әсіресе, бұл ҚТЖ-ның айналасындағы жағдайға қатысты. Оны біз емес, ел айтып жүр", - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, бүгінде ҚТЖ-ға сұрақ көп.

"Алайда "ҚТЖ" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың өзі жоқ. Өмірі мұнда келген емес. Парламентте 3 жылдан бері жұмыс істеймін, осы мәселе көтерілген сайын Сауранбаев келмейді. Ол кім өзі? Компания өмір бойы жемқорлықтың былығына батқан. Ол болса, мұнда келіп жауап бермейді. Біз Qazaq gaz ұлттық компаниясын, "Самұрық Қазынаны" ұлттық әл-ауқат қорын талқылағанда басшылары келді. Енді ҚТЖ-ның басшысы неге келмейді? Ол сонша кім?", - деді ол.

Еділ Жаңбыршин "Қазақстан темір жолында" жұмысшылар жиі ереуілге шығатынын, бірақ оған басқарма төрағасы бармайтынын атап өтті.

"Барлығын кадр шешеді. Темір жолшыларымыздың өмір сүріп жатқан буткасын қараңыздар. 19 ғасырдағы буткалар. Ұят емес пе?! ҚТЖ-ның басшысы халықпен бір рет кездескен жоқ. Жұмысшылардың қаншама ереуілі болып жатыр, біреуіне де барған жоқ. Ол депутаттан сонша мықты ма? Бұл дұрыс емес қой", - деді депутат.

Қазір ұлттық компанияның қарызы 3 трлн теңгеге жуықтаған.

"Сондықтан Ерлан Жақанұлы, менің ұсынысым бар.
Парламентке ҚТЖ-ны шақыру керек. Бүкіл мәселесін майшаммен қарау қажет. Олар не істеп жүр? Мемлекеттің қаржысын ала береді. Басқа жерге ақша жетпей жатқан кезде оған құя береміз. Олар мұның бәрін қарызға шаша береді. Ондай менеджерлерді жоқ қылу керек... Біз "Қазпоштаның" бастығын осында шақырып, осы жерде (есебін) тыңдадық. 15 млрд теңге минусқа кірген компания, 2 млрд теңге плюске шықты... Неге біз ҚТЖ-да осылай істемейміз?", - деді Еділ Жаңбыршин.

Сондай-ақ депутат ұлттық компаниялардың төрағаларын Парламентке есеп беруге шақырды.

"Ұлттық компанияларды (Парламентке) неге шақырмаймыз? Бәрін шақырайық. Мұнда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясын, "ҚазАтомӨнеркәсіпті" шақырайық. Конституция бойынша елдің байлығы халықтікі емес пе? Халықтың өкілдері осындар отырған жоқ па? Бәрін шақырайық тыңдайық. Ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? Бұл олардың ақшасы емес қой. Әрқайсысының бонусы, жалақысы, үйлері, көліктері қандай? Ол елдің ақшасы ғой. Күздегі сессияда ҚТЖ Парламентке дұрыстап дайындалып келсін.

Мәселесін дұрыстап қарайық. Әрбір ұлттық компанияны қарауымыз керек. Олар қашанғы мемлекеттің, халықтың байлығын қалталарына басып, шетелге, Дубайға, Еуропаға барып, коттежд, үй алып, шалқып жүреді. Біз халықтың жағдайын қашан ойлаймыз? Олардың айтқан өтірігіне сеніп, осылай отыра береміз бе? Олай болмайды", - деді ол.

Еділ Жаңбыршин ұлттық компаниялардың төрағалары адал жұмыс істеуі керек деген ұстанымда.

"Жоғары аудиторлық палата бәрін дұрыстап тексеріңіздер. Бармақ басты, көз қысты әрекеттің керегі жоқ, жетеді енді. Елдің бетіне қалай қарайсыңдар? Ұят емес пе? Қандай Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз? Президент "Әділ Қазақстан, дұрыс жұмыс істейік" деп айтты. Біздің істеп жатқан ісіміз бұған келіңкіремейді. Сондықтан бүгінгі жиналыстың ұсынымына Парламентке ұлттық компаниялардың, трансұлттық компаниялардың бәрін шақырып, олардың мәселесін қарауымыз керек", - деді депутат.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен