- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Босатылуына 3 ай...
Босатылуына 3 ай қалған: Қарағанды облысындағы колониядан тұтқын қашып кетті
Қарағанды облысындағы ең төменгі режимдегі колониядан тұтқын қашып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Patriot басылымына сілтеме жасап.
"Сотталғанның мекенжайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларына түзеу мекемесінің жеке құрамы мен Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы тартылды", - деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдері.
Қызметтік тергеу басталды. Ол бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден жалтарғаны үшін қашқынға қатысты қозғалған қылмыстық іспен қатар жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдай туғызған лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылады. Ал кейбіреулеріне салғырттық танытқаны үшін қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, басылым колониядан қашып кеткен ер адамның профилін жариялады. Үш айдан кейін ол босатылуы керек еді. Бірақ ол жазасының аяқталуын күтпей, қашып құтылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аты-жөні - Ошанаев Жандос, 1992 жылы туған. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1, 2, 3-тармақтары бойынша аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Қарағанды қаласында тіркелген. Туыстары Теміртауда тұрады.
Бойы - 175 сантиметр. Салмағы - 73 келі. Орта денелі, шашы қара, көзі қоңыр. Сол жақ білегінде 4,5 сантиметр күйік тыртығы бар. Оң қолының ортаңғы саусағында сақина түріндегі татуировкасы бар.
"Кімде-кім сотталушының қайда екені туралы мәліметті білетін болса, Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 87212 30 00 21 нөміріне немесе полицияның 102 нөміріне хабарласуын сұраймыз", - делінген хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек