- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талғар өзенінен әйел...
Талғар өзенінен әйел адам өлі табылды: оны біреулер өлтіріп, суға ағызып жіберуі мүмкін
Мәйіті Талғар өзенінен табылған 42 жастағы әйелді біреулер өлтіріп, суға ағызып жіберуі мүмкін. Көпір басына барған марқұмның жақындары осындай болжам айтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Талғар жұрты кеше табыт шығарып, жақынын жерледі. "Төрт баласын жеткіземін" деп жүріп көз жұмған жалғызбасты әйел екі жұмысты қатар алып жүріп, жаңадан үй салуды жоспарлаған. Баспана тұрғызамын деп бақилық болған марқұмның баласы сол түнді қорқынышпен еске алады.
"Үйге 3 ағай келді. Оларды бірінші рет көрдім. Олар сағат 22:00-де кетті. Анамның өліміне кінәлі солар ма деп ойлаймын. Анаммен сөзге келіп қалғанын естідім. Ол өзіне қол салуы мүмкін емес. Өйткені анам бізді қатты жақсы көретін. Үй салатынын айтып, "бақытты өмір сүреміз" деп отыратын", - деді марқұмның баласы.
Артында төрт баласы боздап қалған 42 жастағы марқұмның мәйітін жақындары өзен бойынан тапқан. Олар сорғалаған қанның ізін көргенін айтты. Туыстары "марқұм көпірден өзі құлап өлді" дегенге сенбейді.
Сол түні анасынан хабар ала алмаған соң, жақындары оны жабылып іздей бастаған. "Мәйітті анықтауға келіңіздер" деген қаралы хабар түскен. Ол ауыл арасын жалғайтын қауіпті өткелден құлап кетуі мүмкін деген де болжам бар.
"Көпірден құлап кетуі мүмкін бе? Көз жеткізу үшін көпірге келдім. Үйге баратын жалғыз жол осы көпір арқылы өтеді. Бірақ мұнда келгенде қанның ізін көрдім, оның қан екені анық көрініп тұр", – деді марқұмның інісі Азамат Асубаев
Куәгерлер каза тапқан келіншекті соңғы рет дүкеннен көрген. Керек-жарағын сатып алып, сыртқа шыққан соң камера көзінен таса болған. Ал дүкен мен көпір арасындағы қараңғы көшеде не жағдай болғаны әзірге беймәлім.
"Нақты қай уақытта екенін айта алмаймын. Шай сатып алды", – деді дүкен сатушысы Әлия Сулпакова
Көз жұмған келіншектің ағайындары ажалдың айтып келмейтінін түсінсе де "мезгілсіз қазаға бәзбіреулердің қатысы болуы мүмкін" деген пікір айтты. Олар Талғар ауданы полициясы тергеуді әділ жүргізсе деген талабын жеткізді. Өз кезегенде аудандық құзырлы орган қызметкерлері тиісті сараптаманың тағайындалғанын алға тартып отыр.
"27 мамырда Талғар өзенінен бір әйел адамның мәйіті табылған. Сот-медициналық сараптама нәтижесі алынған соң, процессуалдық шешім қабылдаймыз. Осы факт бойынша куәгерлер болған. Бірге болған адамдармен Талғар ауданы полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деді Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.
Айта кетейік, бір ай бұрын ғана осы қауіпті өткелге қатысты жұрт шағым айтып, талапқа сай көпір салсын деп өтініш білдірген. Жарықсыз, жолсыз болған соң талай адам суға кетті деп те дабыл қаққан. Алайда бұл мәселені жергілікті билік әлі назарға алмаған. Ал осы маңнан табылған мәйітке қатысты нақты шешім тек медициналық сараптамадан соң белгілі болмақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина