Қазақ тілі қашан жасанды интеллектіге бейімделеді?

Қазақ тілі қашан жасанды интеллектіге бейімделеді?
Фото: pixabay.com

Жасанды интеллектің қазақша нұсқасы неге дамымай отыр? Қашан еліміздің ChatGPT нейрожелісі пайда болады? Massaget.kz тілшісі мамандардан сұрап білді.

Билы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуды тапсырды.

"Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді", - деді президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында.

Мамандардың мәлімдеуінше, Microsoft және OpenAI өнімдерін қолдану үшін қазақ тілінің үлкен корпусы толық жинақталуы керек. Бүгінгі таңда интернет кеңістігінде ағылшын және орыс тілі ақпарат көп. Компаниялардың ақпарат жинушы роботтары ол тілдерден толыққанды деректер мен мағлұматтар ала алады. Ал, қазақ тілінде ақпарат аз немесе толыққанды болмай жатады.

Ең көп контент жасалатын тілдер анықталды.

Ағылшын - 50,1 пайыз

Испан тілі - 5,8 пайыз

Неміс тілі - 5,3 пайыз

Жапон тілі - 4,8 пайыз

Француз тілі - 4,3 пайыз

Орыс тілі - 4,2 пайыз

Португал тілі - 3,5 пайыз

Түрік тілі  - 1,9 пайыз

Өкінішке қарай қазақ тілі 0,1 пайызбен бұл тізімге енбеген.

"Қазақы ойланатын жасанды интеллекті болмайды. Себебі, білім, ақпарат аз. Бірақ қазақша сөйлейтін жасанды интеллектің болашағы зор. Ол қазақ тілін жақсы білуі мүмкін, бірақ алдымен өз тілінде ойланып, кейін қазақша аударып береді", - деді Халықаралық сарапшы әрі SecDev компаниясының аға кеңесшісі Арман Абдрасилов.

Digital IT Agency инновациялық веб-сервистерді әзірлеумен айналысатын IT компанияның негізін қалаушы Абылай Адайұлы жасанды инттелектің қазіргі әлеуеті туралы айтты.

"Жасанды интеллект әлемдегі бүкіл формулаларды жатқа біледі. Фильм түсіру үшін қандай технология қолдану керегін және оған қанша бюджет кететінін есептей алады. Тіпті теңгеге шаққан кезде сізге қанша табыс түсетінін орташа есеппен санап береді. Әлемдік деңгейдегі интеллект доллармен есептеседі деуге болады. Түркі тілдері мен қазақ аудиториясы туралы сөз қозғап жүрміз. Меніңше, бүкіл жақсы қаржы жинаған фильмдердің сценарийлеріне және қазақ аудиториясына сараптама жасау керек. Бүгінгі таңда онымен ешкім айналысып жүрген жоқ. Сол кезде ғана жасанды интеллект жақсы сценарийлері көбейетін еді. Мысалы, Netflix компаниясы қазір көрермендері не көргісі келеді соған, яғни әрбір адамға жеке контент ұсынады. Осылайша табысын арттырып отыр", - деді Адайұлы Qazform-да өткен панельдік сессияда.

Абылай Адайұлы "Қазақстан өз жасанды интеллектің жасап шығара ала ма" деген сұраққа жауап берді.

"Жасанды интеллектке өзіңізге қажет ақпаратты тұрақты енгізіп, өзіңізге қажет қажет мәліметтер жиынтығына қол жеткізе аласыз. Яғни, жасанды интеллектті өзіңізге көмекші қылып алу мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда ChatGPT google-дан қарағанда ілгері келе жатыр. Күндердің күні бір-бірімен теңесетін шығар, алайда ол үшін көп қаржы қажет. Жалпы, ChatGPT күніне және минутына мәліметтерді өңдеуге кететінорасан зор шығындары бар, сондықтан басқа компанияларға ондай өнім жасау қиындап барады. Қазіргі таңда көп компания ChatGPT-дің нейрожелісінің алгоритімін қолдана отырып, өз бағдарламасын жасайды. Яғни көбінің негізі OpenAI компаниясы", - деді ол.  

Сценарист Нұрмахан Мұқанұлының сөзінше, әзірше ChatGPT адам еңбегін алмастыра алмайды.

"Жасанды интеллект идеяны жақсы береді, бірақ әзілдей алмайды. Оған сұрақ қойып, кейін берілген жауапты әрі қарай дамытуға болады. Алайда ChatGPT адамның туындысындай етіп, жаза алмайды. Былайша айтқанда, әзірше жеңіліп жатыр. Адамның миы бәрібір басқаша ойлайды", - деді Нұрмахан Мұқанұлы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Ордабаев