"Мүмкіндігі шектеулі баламызды қалаға жеткізгенше өлтіріп аламыз ба деп қорқамыз": Қоянқұстың көпірі жарамсыз болып қалды

"Мүмкіндігі шектеулі баламызды қалаға жеткізгенше өлтіріп аламыз ба деп қорқамыз": Қоянқұстың көпірі жарамсыз болып қалды
Фото: koyankys_news Instagram парақшасынан

Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты Қоянқұс елді мекенінде халық қалаға қатынап жүрген көпірге байланысты дау шықты. Редакцияға Қоянқұс тұрғындары хабарласып, қаламен араны жалғап тұрған көпір бұзылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елді мекен тұрғынының сөзінше, көпір бұзылғанына бір айдан аса уақыт өткен. Алайда әлі ешқандай жөндеу көрмеген.

"Қоянқұсқа келетін ортада көпір құлап жатыр. Жөнделмегеніне 1 ай болды. Негізі қала бойынша Жетісу ауданына қарайды. "Көпірді жөндейік" деген әкімдік жоқ. Оны "бетонмен жүруге болмайды" деп қоршап қойды. Қоянқұстың халқы қалаға бару үшін жаяу шығып жүрміз. Өйткені Қоянқұс пен Первомайканы жалғап тұрған көпір "құлағалы тұр, апат жағдайында, жүруге болмайды" деп көліктерді, автобустарды жүргізбей тастады. Көпір қопарылып жатыр. 1 ай болды не жөндемейді, не қоғамдық көлік жүрмейді. Ығырымыз шықты. Қалаға халық шыға алмайды", - деді ол Massaget.kz-ке.

koyankys_news Instagram парақшасынан

Қоянқұс тұрғыны бұл жағдай мүмкіндігі шектеулі жандар мен студенттерге қиындық тудырып отырғанын жеткізді. Өйткені қатынас қиындап кеткен. 

"Қоянқұста мыңдаған халық тұрады, өте үлкен елді мекен. Қалаға қатынап оқып жүрген қаншама студент бар?! Мысалы, менің қызым - екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Талмасы ұстаған сайын қалаға шығуымыз керек. Бұрын көпір барда өзіміз тез баратынбыз. Қазір қалаға ауылды айналып, сырт көшелермен барамыз. Көлік кептелесіне тап боламыз. Баланы өлтіріп аласың ба деп қорқасың. Неше түрлі мүмкіндігі шектеулі адамдар, студенттер тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі Қоянқұстың амбулаториясына сенбейді де қалаға шығады. Қалаға шыққан кезде жете алмай, жолда өліп кете ме сонда?!" - деді ашынған тұрғындардың бірі Massaget.kz-ке.

koyankys_news Instagram парақшасынан

Елді мекендегі көпірдің маңына халық жиналып, мұң-мұқтажын да айтқан.

"Жаңа осыдан 500 метр жерде Жетісу ауданының әкіміне "халықтың алдына келіңіз, апаттың болған жерін көріңіз" деп халық болып ұсыныс жасағанбыз. Ол кісі бұл жерге келуден бас тартты. Ондай жұмыс істемейтін әкім керек пе деген сұрақ туып отыр", - деді жергілікті Instagram топта тараған видеода ер адам.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ai Aina (@krispi_koyankys)

Сонымен қатар, тұрғындар осы уақытқа дейін қаншама мың адам көпір сынуына байланысты Сералин көшесінен Қапшағай тасжолы бойынша қалаға қатынап жүргенін, енді осы жердің жеке меншік иесі бұл жерді жабатынын айтқанын мәлімдеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @koyankys_news

"Халықтың жүретін жолы - осы, 4 ауылдың үйге қайтуы өте қиын болып жатыр, 20 минутта жететiн, ендi 1,5 сағат кептелiсте тұратын болды", - дейді тұрғындар қазіргі жолдың жағдайына қатысты.

Осылайша тұрғындар енді қалаға жетіп жүрген жол да жабыла ма деп үрейленіп отыр.

"Көпір 20 күннен бері жабық, шулатып жүріп жаптырдық. Апат жағдайында тұр. Әкім Көкебаева ханым мойындады, жаппаса, құлайтын еді. Жабуын жауып, енді ауылға кіретін жол жоқ, не шығатын жол жоқ. Сералин көшесінде Қапшағай тасжолына шығатын жол бар еді. Оны да әкімдік сатып жіберген. Иесі жабамын деп отыр. Ол жауып тастаса ұшып өтуіміз керек пе, қызыл аумақта тұрған жерді қалай сатқан? Кім рұқсат берген? Бұл жол орыстардың зираты арқылы жүретін жол, шаң-тозаңнан жүру мүмкін емес, жеңіл көлік жүре алмайды, асты тиеді, дөңгелек жарылып, қиналып кеттік , соны мемлекеттік стандартпен дұрыстап жасап беріңіз деп сұрап жатқан жайымыз бар. Ол жол емес, зират. Түнде жүрген тіпті қорқынышты", - дейді тұрғындар. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ai Aina (@krispi_koyankys)

Халық құзырлы органдарға нақты талаптар қойды:

  • Көпірді жөндеу, жаңа көпір салу;
  • Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, тұрғындарды стандарттар бойынша жасалған жақсы жолдармен қамтамасыз ету;
  • Бұл төтенше жағдай болғандықтан, көпірді жөндеу уақытын кешіктірмеу, жаңа оқу жылына дейін мүмкіндігінше тезірек жасап бітіру.
  • Тұрғындарды автобустармен қамтамасыз ету, қосымша маршруттар қосу, тоқтамайтын, жолаушыларды алғысы келмейтін маршруттардың жүргізушілерімен әңгімелесу.

Massaget.kz мәселеге байланысты Алматы қаласы әкімдігіне сұрау салды.

Алматы қаласы әкімдігі бұған дейін Жетісу ауданындағы көпірде көлік қозғалысы шектелетінін хабарлаған.

"Кемел шағынауданындағы Жолымбет көшесіндегі Есентай өзеніндегі көпірде көлік қозғалысы шектелді. 50 жылдан аса уақыт бұрын салынған көпірді көзбен көру барысында көпір маңындағы үйінділердің шөгуі, сонымен қатар, көпір жақтауындағы топырақты су шайғаны анықталды. Осыған байланысты көпірде қозғалысты шектеу және техникалық жай-күйіне сараптама жүргізу туралы шешім қабылданды", - деп жазылған еді Қалалық мобилділік басқармасы хабарламасында.

Әкімдік өкілдері бұл аумақты Мұхамеджан Сералин көшесі арқылы айналып өтуге болатынын айтқан еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова