Нан бағасы көтеріле ме? АШМ жауап берді

Нан бағасы көтеріле ме? АШМ жауап берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин биыл нан қымбаттамайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің орынбасарының айтуынша, Қазақстанда егістің жалпы көлемі – 23 миллион 800 гектар. Онда 21 миллионннан аса гектар жерге бидай, майлы дақылдар егіледі.

"Бүгінде 14 млн гектар жерге егін егілді: 63-68 пайыз. Бұл жұмыс тиісті деңгейде жүріп келе жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрінен бастап, оның барлық орынбасары бүкіл облыста көктемгі егіс жұмысы қадалағалап жатырмыз. Біз барлығын уақытында үлгереміз деген жоспарымыз бар. Себебі, біз күніне 1 млн гектар жерге егін егуіміз керек. Жұмысты уақытында бітіреміз деп отырмыз. Осы параметрде келе жатырмыз. Бүгінде ешқандай кедергі жоқ", - деді Аманғали Бердалин Сенат кулуарында.

Сондай-ақ Үкімет көктемгі егіс науқанына қосымша қаржы бөлген.

"Биыл ауыл шаруашылығы министрлігіне Үкімет қолдау көрсетті. Шаруа қожалықтарына жылына 100,80 млрд теңге бөлінсе, биыл қосымша 300 млрд теңге берілді. Қаражат, жанар-жағармай барлығы уақытында қамтамасыз етілді. Сондықтан кідіруге болмайды, жұмысты уақытында бітіреміз", - деді вице-министр.

БАҚ өкілі "Болашақта астық пен нан қымбаттамайды деп сендіре аласыз ба?" деп нақтылаушы сұрақ қойды. Аманғали Бердалин мұндай мәселе туындамайтынын жеткізді.

"Проблема болмайды. Біз мұны толық сеніммен айта аламыз. Себебі, былтырғыдан қалған бидай қорымыз да жеткілікті", - деді министрдің орынбасары.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен