- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Болашақтағы" дау: журналистер...
"Болашақтағы" дау: журналистер президенттен көмек сұрайды
Астанада "Болашақ" бағдарламасына қатысты туындаған даудан кейін 24KZ телеарнасының кешкі жаңалықтар бөлімінің шығарушы-редакторы Наталья Воробьева мен Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жүргізуші-модераторы, 24KZ телеарнасының бұрынғы тележүргізушісі Мақпал Дәрібаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ өкілдерінің айтуынша, 2016 жылы "Болашақ" бағдарламасына 24KZ телеарнасының бұрынғы тележүргізушісі Валерия Гавриленкоға түскен. Осыдан кейін оларда мәселе туындаған.
Фото: Massaget.kz
"2016 жылы Валерия Гаврилиенко "Болашақ" бағдарламасы шетелде оқығысы келіп, өтінім берді. Онда үшеуміз де әріптес болдық. Ол бізге келіп, "2 пәтерді кепілге қойдым, оқудың ақысы жалпы 26 млн теңге болды. Кепілге ақша жетпей тұр. Гарант болыңдаршы" деді. Қаталеспесем, 2 пәтер жалпы 20 млн теңгеге бағаланды. Қалған 6 млн теңгеге гарант боламыз деп шештік. Сондықтан біз келісімімізді бердік. Ересек адамбыз, құжатқа қол қойып, гарант болғанымыз түсінеміз... Біз ешкімнен қашып жүрген жоқпыз. Біз – гарантпыз. Бірақ оқудың ақысын толық төлеуге қарсымыз", - деді Наталья Воробьева.
Фото: Massaget.kz
Мақпал Дәрібаева тек бұрынғы әріптесіне көмектескісі келіп, осындай қиындыққа тап болғанын жеткізді.
"2016 жылы Валерия Гаврилиенко 24KZ телеарнасында орысша жаңалықтарды, ал мен қазақша жаңалықтарды жүргіздім. Ол "Болашақ" стипендиясының иегері атанды. Содан кейін "Қыздар, көмектесіңдер! Мен 2 үйімді кепілдікке қоямын, сендерге ешқандай қауіп төнбейді. Мен оқуымды бітіріп, елге ораламын" деп айтты. Біз әріптесіміздің сөзіне сендік және оған көмектескіміз келді", - деді ол.
Кейін олар Валерия Гаврилиенконың талапты орындамағанын білген.
"2 пәтердің кепілден шығарылғанын 2021 жылы "Болашақ" бізге сот арқылы шағым түсіргенде білдік. Содан кейін оқиғаның мән-жайын анықтауға кірістік. Сөйтсек, пәтерлер 2019 жылы кепілден шығарылыпты және оқудың ақысы да толық өтелмеген. Сол уақытта Валерия Гаврилиенко шетелге қоныс аударған", - деді Наталья Воробьева.
Мақпал Дәрібаеваның айтуынша, бұл келеңсіздікке "Болашақ" орталығының бұрынғы басшылығы кінәлі.
"2 пәтер кепілде болмағасын "Болашақ" бізден шамамен 30 млн теңгені қайтаруды талап етіп отыр. Бұл – Валерия Гавриленконың оқуына жұмсалған қаражат. "Болашақ" түлегі шетелде оқуды бітіргесін өзінің міндетін орындамаса, ең алдымен кепілге қойылған мүлікті сату арқылы барлық шығын өндіріледі. Қазір кепілде ешқандай мүлік жоқ. Алайда Валерия Гаврилиенконың елден қашып шығуына барлық жағдай жасалған. Пәтерлерді сатып, шетелге қашып кеткен. ("Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ бұрынғы басшысы) Жанболат Мелдешов ресми құжатқа өзі қол қойып берген", - деді БАҚ өкілі.
Ол мұндай қомақты ақшаны төлеуге шамасы жетпейтінін ашық айтты.
"Бізге жалпы 30 млн теңге төлеу керек. Қолымызда ондай қаражат жоқ. Наташа екеуміздің отбасымыз, баламыз бар. Менің аяғым ауыр. Сондықтан олардың біздің пәтерімізді алып қоюға, банктағы есепшотымызды бұғаттауға құқығы болады. Осының бәрінен біз қорқамыз. Алдағы уақытта сот болады. Сондықтан біз мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАҚ-тың назар аударуын сұраймыз", - деді Мақпал Дәрібаева.
Адвокат Айжан Ташенова бұл жағдайда заңсыздықтар бар деген пікірде.
Фото: Massaget.kz
"Кепілдік туралы шарт бойынша және кепілдік туралы Азаматтық кодекстің ережесіне сәйкес кепілгерлер негізгі борышкер міндетін орындағанға дейін жауапты болады. Бірақ кепілдік шарты оқытуды ұйымдастыру туралы шартқа байланысты. 2022 жылы бұл міндеттемелер шарттан сот шешіміне ауысқандықтан, шарт өз күшін тоқтатты. Енді Гавриленконың міндеттемесі шарттан емес, соттың шешімінен туындайды, ал кепілдік шарты оқыту шартының орындалуын қамтамасыз етті. Менің ойымша және осындай сот шешімдерін шығарған адам ретінде айтарым, бүгінде кепілдік берушілерге талап қою мүмкін емес", - деді ол.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ баспасөз қызметі бұл жағдайға түсінік берді.
"Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2015 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі негізінде Гавриленко В.В. Ұлыбританияның Ливерпуль университетінде "Стратегиялық коммуникация" мамандығы бойынша магистратура бағдарламасы бойынша оқу үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанды, 2016-2017 оқу жылында академиялық оқу өтті. Келісімшарт талаптарына сәйкес, стипендиат оқуын аяқтағаннан кейін дипломын тапсыру, оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралу және Қазақстан аумағында мамандығы бойынша жұмыс істеу міндеттемелерін алды", - деп жазылған хабарламада.
Орталықтың мәліметінше, келісімшарт бойынша стипендиат оқу құнының жалпы сомасынан кем емес бағаланатын жылжымайтын мүлікті кепілге қоюға міндетті. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік академиялық оқудың жалпы құнын өтемеген жағдайда, қамтамасыз етілмеген қалған сома бойынша стипендиат оқуын аяқтағаннан кейін міндеттемелерді қамтамасыз ететін жұмысқа қабілетті кепілгерлерді ұсынады.
"Гавриленко В. 2 жылжымайтын мүлік нысанын кепіл ретінде ұсынды. Алайда олардың құны оқу құнын толық өтемегендіктен, стипендиат үшін ресми түрде екі кепілгер – М.А.Дәрібаева, Н.А. Воробьева кепілдік берді, олардың әрқайсымен орталық кепілдік шарттарын жасасты. Кепілдік шартының 2.1 және 2.2 тармақтарына сәйкес М.А.Дәрібаева мен Н.А. Воробьева оқуды ұйымдастыру шарты бойынша барлық міндеттемелерді толық орындауға бірлесіп жауапкершілікті мойнына алған. Сондай-ақ кепілдік шартының 2.4 тармағына сәйкес, стипендиаттың орталық алдындағы міндеттемелерін орындамауы және/немесе тиісті түрде орындамауы жағдайында, міндеттемелерді орындау туралы талапты қанағаттандырмаған жағдайда, Орталық орындалмаған бөліктегі аталған талапты кепілгерге қоюға құқылы", - деп жазылған хабарламада.
Халықаралық бағдарламалар орталығы "заңбұзушылықтарды" анықтау үшін бірқатар шара жүргізуге кіріскен.
"Қызметтік тергеу нәтижесінде 2019 жылдың 13 мамырында орталықтың бұрынғы президенті Мелдешов Ж., вице-президенті Алпысбай М., заң департаментінің басшысы Шарамбаев А. тарапынан стипендиаттың барлық міндеттемесін толық орындауына байланысты жылжымайтын мүлік кепілінен босату туралы хабарлама берілгені анықталды. Яғни Қазақстан аумағында бір жыл еңбек қызметін атқарғаннан кейін. Аталған фактілер анықталғаннан кейін, Орталық тиісті органдарға (орталықтың) бұрынғы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік жалған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау және кінәлі адамдарды заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін бірнеше рет өтініш жолдады", - деп жазылған хабарламада.
Биыл сәуірде орталық Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне Гавриленконың нақты орналасқан жерін анықтау үшін хат жолдаған. Қазір орталық "Болашақ" бағдарламасының шетелдерде жүрген, мемлекет алдындағы шарттық міндеттемелерін орындамаған стипендиаттарды қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен