- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстау облысында мектеп...
Маңғыстау облысында мектеп түлектері жаппай төбелес шығарған
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылында мектеп түлектері жаппай төбелес шығарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ондаған оқушы төбелесіп, тіпті кейбірі тас лақтырып жатқанын көруге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жергілікті полиция департаменті бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Кәмелетке толмаған 47 бала полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", - дейді полицейлер.
Көп ұзамай оқушылардың өзі де бұл жайтқа байланысты кешірім сұрады.
"Соңғы қоңыраудан кейін азғантай келіспеушілік болды. Бұл жағдайда ешкім дене жарақатын алған жоқ. Осы жағдайға байланысты ата-аналардан, мектеп басшылығынан, мұғалімдерден кешірім сұраймыз", - дейді видеода оқушылар.
Сонымен қатар, ата-аналар да оқушылардың төбелесіне байланысты кешірім сұрады.
"Бүгін, 25 мамырда соңғы қоңыраудан кейін аз ғана уақыт ішінде мектеп оқушыларының келіспеушілігіне байланысты түсіндіріп өтейін: біздің балаларымыз ешқандай дене жарақатын алған жоқ. Балалар аман, ешкімге талап, арызымыз жоқ. Мектеп мұғалімдері, директор, полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ата-аналар балаларының қасында түгел болды. Аз ғана сәтті кесіп, интернетке салып жіберуіне байланысты халық арасында түсінбестік туды. Халықтан кешірім сұраймыз", - дейді ата-аналар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина