Бақытты бола түсудің 6 әдісі

Бақытты бола түсудің 6 әдісі
Фото: pixabay.com

Нейропсихология - бұл адам миының құрылымын және ондағы байланыстарды зерттейтін ғылым. Олардың көпшілігі біз күнде өзімізді қалай сезінетінімізге және айналада болып жатқан нәрселерге қанағаттануымызға әсер етеді. Нейропсихолог Наталья Рудакова өзімізді бақыттырақ сезінуге көмектесетін алты лайфхак ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Doctorpiter-ге сілтеме жасап.

1. Эмоционалды интеллектті дамыту

Эмоционалды интеллект деп адамның өз сезімдерін тануын және оларға талдау жасай білу дағдыларын айтады. Сонымен қатар, ол басқа адамдардың не сезінетінін жақсы түсінеді, оларды тыңдай алады, көзқарасын түсінеді және ниетін болжай алады. Эмпатиясы дамыған адам әртүрлі жағдайларда, тіпті күйзелістік жағдайда да өзінің және басқалардың эмоцияларын басқара алады.

2. Жеке шекараңызды қорғай білу

Бұл адамның қанағаттану деңгейін айтарлықтай арттыратын тағы бір дағды. Егер ол өзінің қалауын, қажеттіліктері мен мүдделерін білдіре алса, оларды қорғай алса, сонымен бірге басқалармен үнемі жанжалға түспей, тепе-теңдікті сақтай алса, бұл өзін-өзі бағалаудың дұрыс екендігін көрсетеді. Адам өзінің бағасын біледі және басқа біреудің ыңғайлылығы үшін өзін құрбан етпейді.

3. Сіз үшін не құнды екенін түсіну

Адамның негізгі құндылықтары өмір жолында бағдар құруға, басымдықтарды анықтауға, мақсаттар мен міндеттер қоюға көмектеседі. Егер адам өзі үшін не маңызды екенін түсінсе, оған әртүрлі жағдайларда қандай да бір таңдау жасау оңайырақ: бұл жеке де, іскерлік те қатынастарға қатысты.

4. Демалу және денсаулықты сақтау

Тағы бір маңызды қағида — жұмыста кідіріс жасай білу, өзіңізге "қайта қуаттауға" және "қайта жүктеуге" мүмкіндік беру, демалысқа шығу. Өз денемізге күтім жасау - бұл көптеген аурулардың алдын алудың негізгі жолы. Денсаулығыңыз жақсы болса, өзіңізді әлдеқайда бақытты сезінесіз.

5. Өзіңізді мақтауды ұмытпау

Қиындықты жеңе алған кезде өзіңізді мақтауды ұмытпаңыз, тіпті, кішкентай жеңістердің өзін атап өту керек. Бұл жайлы естеліктер сізді қиын кезеңдерде де қолдайды, өйткені барлық адамның өмірінде ары қарай қолынан ештеңе келмейтіндей көрінетін сәттер болады.

6. Басқаларға көмектесу

Ғалымдар МРТ көмегімен мынаны анықтаған: адамдар басқаларға көмектескенде (мысалы, қайырымдылыққа ақша бергенде) олардың миында ләззат орталықтары іске қосылады. Көмектесу шынымен де жағымды, байқап көріңіз. Көптеген адамдар бұл бақытты сезінудің ең оңай жолы деп санайды.
 
Наталья Рудакова басыңызда дұрыс әрекеттер тізбегін құру және сол бойынша жүру маңызды екенін атап өтті. Позитивті әдеттер көп ұзамай орнығып, сіздің өмірге қанағаттану сезіміңізге әсер ете бастайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова