"Микрокредит алған адамға ипотека берілмейді". Қазақстандық адвокат жалақыға дейінгі қарыздың негізгі салдарын тізді

"Микрокредит алған адамға ипотека берілмейді". Қазақстандық адвокат жалақыға дейінгі қарыздың негізгі салдарын тізді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Бүгінде елімізде микрокредит ұйымдары көбейген, сәйкесінше, оны алатындар саны да айтарлықтай артты. Азамат микрокредит алу арқылы өзінің болашағына қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, жалақыға дейін берілетін пайызы өте жоғары қарыз несие тарихына әсер етеді. Оған қоса, микрокредитті төлей алмай қалсаңыз да, коллекторлар қоқан-лоқы көрсетіп, әбден мазаңызды алады. Конституция бойынша өз құқығын білмейтін азамат мұндай қорқытып-үркітулерге сеніп, жанталасады. Дегенмен коллекторлық ұйымның мұндай іс-әрекеті заңға қайшы екенін біле жүріңіз. Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Альбина Бахтиярқызы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында микрокредиттің негізгі салдары мен коллекторлардың заңға қарама-қарсы іс-әрекеттерін тізді.

Маман қазіргі кезде адамдардың әлеуметтік жағдайының төмендігін, тіпті қарапайым өмір сүруге қажетті керек-жарақты алуға қаражаты жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Ол микрокредит алатын адам саны көбеюін қоғамдағы жұмыссыздық пен айлық жалақының аз болуымен байланыстырды.

"Микрокредитті көп адам алады. Мұның себебі, біріншіден, қаражат, баспана мен жұмыстың болмауы. Жұмысы болса да, жалақы не пәтерге, не азық-түлікке жетпейді. Сондықтан адамдар қатты қажет болған жағдайда осындай қарыз беретін ұйымдарға жүгінеді. 

Екіншіден, бәрімізге белгілі қазір микроқаржы ұйымдары онлайн форматта жұмыс істейді, бұл қарапайым халық үшін қолжетімді. Алынуы жылдам, ыңғайлы, берілетін қаражат соманың да көп болмауына байланысты мұндай несие түрі сұранысқа ие", - деді ол.

Микрокредит алған адам болашақта ипотекаға баспана ала алмайтыны рас па?

Адвокаттың айтуынша, бұл қате түсінік. Өйткені азаматқа ипотекаға баспана алуға рұқсат берілетін кезде бірнеше сыртқы фактор тексеріледі.  

"Микрокредит алған адамға ипотека берілмейді" деген түсінік шындыққа жанаспайды. Егер микрокредит алып, уақытында төлеп, бұдан басқа да несие алып, уақытылы төлесе, яғни тұлғаның несие тарихы бұзылмаса, оның ипотекаға баспана алуға толық мүмкіндігі бар. Ипотекаға баспана алатын кезде тек бір несие тарихы қаралынбайды, оған қоса табыс көзі, зейнетақы төлемдері де қаралады. Сондықтан бұл қате түсінік", - деп түсіндірді маман.

"Коллекторлардың іс-әрекеттері заңға қайшы"

Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі коллекторлар заңға қайшы іс-әрекетті өте көп жасайтынын айтты. Мысалы, олар борышкерді қорқытып, қоқан-лоқы жасау арқылы күш көрсетуге тырысады. Тұлғаға қоңырау шалып, "дайындала бер, біз сені түрмеге алып кетеміз" деп жатады. Немесе коллекторлар борышкердің үйіне келіп, есікті тарсылдатып, күш көрсетіп, оны ашып, соңы төбелеспен де аяқталып жатады.

"Мұның барлығы заңға қайшы. Өйткені, біріншіден, коллектор ол сот емес, тұлғаның сотталып, темір тордың артына тоғылып-тоғылмауын тек сот шешеді, ресми үкім болуы шарт, сол секілді қамауға алу үшін қаулысы болуы керек. Екіншіден, коллекторларға рұқсат етілген іс-әрекеттер қатары заңда көрсетілген. Яғни заңда коллектордың борышкерге аптасына қанша рет хабарласуына болатыны, онымен қанша рет оффлайн кездесуге құқығы бары жазылған. Ешбір коллектор борышкерді түнгі уақытта мазалауына қақы жоқ, оған қоса борышкердің туыстарын да мазалап жатады, ол да заңға қайшы. Қорқытып-үркіту секілді іс-әрекеттің бәрін тиісті жауапкершілікке тартуға болады", - деді Альбина Бахтиярқызы.

Алайда, адвокат жауапкершілікке тарту процесіндегі ең негізгі мәселе - коллектордың кім екенін анықтау екенін жеткізді. Себебі, тұтқаның арғы жағында кім екенін анықтау оңай емес, сондықтан да оларды жауапқа тарту да қиынға соғады.

"Дегенмен коллекторлық ұйымның атауын, сізге қоңырау шалып отырған азаматтың аты-жөнін біле алсаңыз, құзырлы органдарға шағымдануыңызға болады. Тіпті қылмыстың белгісі болатын болса, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге рұқсат. Кейбір коллекторлар кейде адам өміріне қауіп төндіретін іс-әрекеттер жасайды. Мұның бәрі дұрыс емес. Себебі, қарыз алу қылмыстық іс емес, бұл азаматтық қарым-қатынас, егер азамат төлей алмай қалса, қарызды кейінге шегіндіру, жаңа график алу секілді әдістерді қарастырғаны жөн", - деді ол.

Микрокредит алу несие тарихына да әсер ете ме?

Микрокредит - азаматтық, яғни қаржы ұйымы мен жеке тұлғаның арасындағы қарым-қатынас. Мұндай қарым-қатынасқа түсетін кезде міндетті түрде жазбаша шарт жасалынады. Бүгінде заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл шарттың барлығы мемлекеттік кредиттік бюрода тіркелуге жатады, яғни микрокредит алу несие тарихына белгілі бір әсерін тигізетіні сөзсіз.

"Микрокредит несие тарихына міндетті түрде әсер етеді. Қазір бізде мемлекеттік кредиттік бюро жұмыс істейді, яғни микрокредит шарты жасалған сәттен бастап, ол жөнінде ақпарат бюроға жіберіледі. Бұл дегеніміз тұлғаның несие тарихында оның барлығы тіркеледі деген сөз. Микрокредит алған кез келген адам өзінің несие тарихын шығарып қараса ба болады. Ол құжатта міндетті түрде микрокредит алғаны туралы ақпарат тұрады. Егер де тұлға микрокредитті кешіктіріп төлесе немесе мүлдем төлемесе, бұл оның несие тарихының бұзылуына әкеп соқтырады. Мұның бәрі микроқаржы ұйымы жөніндегі заңда қарастырылған", - деді маман.

Микрокредит және алаяқтар

Сонымен қатар, Альбина Бахтиярқызы микрокредит алаяқтардың құрығына айналғанын ескертті.  Алаяқтар шартты басқа адамның атына тіркеп, қаражат жымқыратын көрінеді.

"Менің өндірісімде осындай екі іс бар, алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Біріншісі, автобус жүргізушісінің атына рәсімделген микрокредитке қатысты іс. Алаяқтар жүргізушіге сусын ұсынып, өтірік "акция болып жатыр" деп алдап, бірге суретке түсіп, суреті, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы микроқаржы ұйымдарынан несие алған.

Екіншісі, алаяқтар микрокредитті онлайн форматта рәсімдеген. Олар WhatsАpp мессенджері арқылы видео қоңырау шалып, суретінен скриншот жасаған. Содан атына несие алған. Мұндай істер өте күрделі. Оларды дәлелдеу, тиісті адамды тауып, жауапқа тарту қиын. Сондықтан алаяқтарға алданып қалмауға тырысу қажет", - деп қорытындылады ол.

Адвокат әр адам өзін-өзі алаяқтардың айласына алданудан қорғауы керегін айтады, өйткені қылмыстық іс қозғалған күннің өзінде оларды табу, анықтау өте қиын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жүрек айнығанда не істеу керек?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә