Пәкістан мен Қырғызстан сыртқы істер министрлері Бішкектегі наразылық акциясынан кейін Астанада кездесу өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kg сайтына сілтеме жасап.
"Қырғызстан мен Пәкістанның сыртқы істер министрлері 21 мамырда Астанада кездеседі", - делінген Қырғызстан мен Пәкістан дипломаттарының болған наразылықтарға байланысты кездесуінен кейінгі хабарламалардың бірінде.
Айта кетейік, 17 мамырда жүздеген қырғыз жігіті Бішкектегі шетелдік студенттер, оның ішінде Пәкістан мен Үндістан азаматтары тұратын ғимараттарға шабуыл жасаған болатын. Пәкістан елшілігінің мәліметінше, Үндістан, Пәкістан және Бангладеш студенттері тұратын медициналық университеттердің бірнеше жатақханасына шабуыл жасалған. Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер салдарынан бірнеше пәкістандық зардап шекті.
Deutsche Welle мәліметінше, оқиғадан кейін Қырғызстандағы Пәкістан мен Үндістан елшіліктері өз азаматтарын үйлерінен шықпауға шақырған. Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мумтаз Балоч төрт Пәкістан азаматына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне шығарылды, ал тағы біреуі жақ сүйегінен жарақат алып емделіп жатқанын айтты. Қырғызстандағы шабуылдардан пәкістандықтардың қаза тапқаны әзірге белгісіз.
"Қырғызстан Пәкістан студенттері мен Қырғыз Республикасында тұратын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолдануға мәжбүр болды", - деп хабарлады Пәкістан Сыртқы істер министрлігі.
Еске салайық, 18 мамырға қараған түні Қырғызстан астанасында жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер арасында тәртіпсіздіктер болған. Бірнеше адам зардап шеккен.
Бұған 13 мамырда жергілікті тұрғындардың жатақханада шетелдік студенттерге шабуыл жасағаны себеп болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!