Қайрат Нұртасқа қатысты іс: сот қандай шешім шығарды?

Қайрат Нұртасқа қатысты іс: сот қандай шешім шығарды?
Фото: әлеуметтік желіден

Астана қалалық сотының Азаматтық алқасы кәсіпкердің талап арызы бойынша Қайрат Нұртасқа және оның продюсеріне қатысты келісімді жарамсыз деп тану туралы істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2023 жылғы қарашада тараптар әншінің Атырау қаласында жаңа жылдық корпоративте өнер көрсетуі туралы өзара ауызша келісімге келіп, талапкер 1000 доллар көлемінде алдын ала төлем жіберген. 2023 жылғы 30 қарашада Instagram әлеуметтік желісі арқылы әншінің Атырау қаласында өнер көрсететіні тапсырыс берушіге белгілі болды. Іс-шаралар уақыттары жақын екендігін ескере отырып, талапкер әртістің өнер көрсетуін қажетсіз деп санады", - деп жазылған сот мәліметінде.

Бірінші сатыдағы сот тараптар арасында шарт болмауына байланысты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Тараптардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін мән-жайлар анықталмады. Алайда талапкер міндеттемелерді орындаудан бас тарту оның бастамасымен болғанын жоққа шығармады.

Азаматтық кодекстің 153-бабына негізделетін соттың талаптарына сәйкес, мәмiленiң жай жазбаша нысанын сақтамау дау болған жағдайда тараптарды мәмiле жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады.

Астана қалалық соты Азаматтық алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың талап қоюдан бас тарту туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы мейрамхана иесі танымал әнші Қайрат Нұртасты сотқа бергені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова