- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Геосаяси жағдай ушықты"....
"Геосаяси жағдай ушықты". Қазақстанда ірі кәсіпорындар кірісінен айырылған
Мәжілісте "2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы" Үкіметтің есебі тыңдалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша, былтыр бюджетке 19,3 триллион теңге түскен, шығын 22,4 триллион теңге болған. Бюджет тапшылығы - 3,1 триллион теңге.
"Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9 пайызға орындалды, бюджетке 19 триллион теңге түсті. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері (трансферттерді есептемегенде) 14,5 триллион теңге, 2023 жылға арналған жоспар 99,3 пайыз (2023 жылға арналған жоспар - 14,6 трлн. теңге) болды. Жоспар 101 миллиард теңгеге орындалмады. Республикалық бюджет кірісінің құрылымында шамамен 89 пайызды салық түсімдері алады. Олар бойынша жоспар 90,4 пайызға орындалды, 14,3 триллион теңгенің жоспарында бюджетке 12,9 триллион теңге түсті", - деді министрдің орынбасары.
Жоспардың орындалмауы мына келесі салықтар есебінен қалыптасқан:
- Корпоративтік табыс салығы (1 трлн 76 млрд теңге),
- Импортқа қосылған құн салығы (415 млрд теңге),
- Пайдалы қазбаларды өндіру салығы (209 млрд теңге),
- Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы (118 млрд. теңге).
Дәурен Темірбеков жоспарды орындамаудың негізгі себебіне тоқталды:
- 2023 жылы негізгі экспорттық тауарлар бағасының 2022 жылмен салыстырғанда орташа есеппен 11,3 пайызға (алюминий 16,8 пайыз, мырыш 24 пайыз, қорғасын 0,8 пайыз, мыс 3,8 пайыз) төмендеуі;
- Геосаяси жағдайға байланысты өндіру, өндіріс, жеткізу көлемінің қысқаруы және логистикалық шығындар ұлғаюы себептері бойынша бірқатар ірі кәсіпорын (мысалы, ССТӨБ, Қазмырыш, QARMET) кірістерінің азаюы;
- 2023 жыл бойында болжамды көрсеткіштен нақты қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің 6,9 пайызға төмендеуі (нақтыланған болжамда 85 доллар, іс жүзінде 2023 жылы 1 тонна үшін орташа есеппен 79,1 доллар), сондай-ақ, теңге бағамының жоспарланған 470-тен 1 доллар үшін 456,2 теңгеге дейін төмендеуі;
- Логистика проблемалары мен Ресей Федерациясына қарсы санкциялар себебінен Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен импорт көлемінің (Ұлттық статистика бюросы сайтының алдын ала деректері бойынша) 9,3 пайызға немесе 1 791,4 млн долларға (2022 жылғы импорт көлемі – 19 255 млн доллар, 2023 жылы – 17 463,7 млн доллар) азаюы.
Оның ішінде импорт Ресей Федерациясынан 9,4 пайызға немесе 1 688,5 млн долларға (импорт көлемі 2022 жылы 17 880,6 млн доллар, 2023 жылы 16 192,2 млн доллар) және Беларусь Республикасынан 16,4 пайызға, яғни 148,8 млн долларға төмендеген (2022 жылғы импорт көлемі – 905,5 млн доллар, 2023 жылы – 756,7 млн доллар).
Сондай ақ, 2023 жылы бизнеске 430 млрд теңге сомасында (2022 жылы 858,4 млрд теңге қайтарылған) қосылған құн салығы қайтарылды.
Вице-министр жалпы 2022 жылмен салыстырғанда кірістер 4 трлн теңгеге өскенін жеткізді. Оның ішінде салық түсімдері 2,9 трлн теңгеге өсті. Түсім былай өскен:
- Салықтық түсімдер бойынша шамамен 872 млрд теңге, салықтық емес түсімдер бойынша сомасы 1 трлн теңге;
- Салықтық және кедендік әкімшілендіруден сомасы 944 млрд теңгеге қосымша түсімдер.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Есен