Бишімбаев ісі. Елімізде тағы кімдер 25 жылға сотталған еді?

Бишімбаев ісі. Елімізде тағы кімдер 25 жылға сотталған еді?
Фото: © Tengrinews.kz 2024, Тұрар Қазанғапов

Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде көпшіліктің назарында болған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот үкімі шықты. Оған 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және ол жазасын қауіпсіздік деңгейі барынша қатаң мекемеде өтейді. Бұған дейін елімізде кімдер 25 жылға бас бостандығынан айырылды? Елде қызу талқыланған бірнеше оқиғаны ұсынамыз.

9 жасар қызды зорлаған педофил

2022 жылы тамыз айында Абай облысының Үржар ауылында жантүршігерлік жағдай болды. Анасының айтуынша, кішкентай қызды көрші тұратын, үйленген, балалы-шағалы 48 жастағы адам зорлаған. Қыз ауыр жарақат алған. Оның кінәсі сараптама нәтижесімен және іс аясында жиналған басқа айғақтар арқылы толық дәлелденді. Шамамен бір жылдан соң Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 9 жасар қызға сексуалдық сипатта зорлық-зомбылық жасаған 48 жастағы ер адамға үкім шығарды. Педофил 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Танысын аса қатыгездікпен өлтірген ер адам

2023 жылдың қарашасында Бұланды ауданының Макинск қаласында сотталушы мас күйде өзінің бұрыннан жақтырмайтын танысын ауылдың сыртына шақырып сөйлеспекші болады. Кездескен кезде ол танысына мылтықтан оқ атып, иығын жаралайды. Кейін соңынан қуып жетіп, ішінен атады және мылтықтың сабымен басынан ұрады. Ол аздай көлікпен басады, танысы алған дене жарақатынан сол жерде көз жұмады. Артынша, ізін жасыру мақсатында зардап шеккен адамның көлігін мініп кетіп, оны зақымдау үшін қасақана өзге көлікпен жол-көлік оқиғасын жасайды. Ер адам 25 жылға сотталды.

Аяжан Еділованы зорлап өлтірген күдікті

"2021 жылдың наурызында Төребеков қызды зорлау мақсатында оған киім тіктіремін деп үйіне алдап шақырған. Жыныстық қатынасқа қыз өз еркімен келіспеген соң, ол зардап шегушіні зорлаған. Кейін зорлағанын жасыру үшін оны белдігімен қылқындырған, қыз сол кезде көз жұмған. Өз қылмысын жасыру үшін ол қыздың денесін бөлшектеген, - деді Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сот 19 жастағы Аяжан Еділованы зорлап, кейін қатыгездікпен өлтірді деген күдікті Рахманберді Төребековты 25 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды.

8 жасар қызды зорлаған өгей әке

Түркістан облысында өгей әке 8 жастағы қызын зорлап келген. Ол аса ауыр қылмысы үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім кезінде белгілі болғандай, сотта 39 жастағы сотталушы өз қылмысын  ішінара ғана мойындаған. Істі қараған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 2019 жылдың қаңтарынан бері сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасап келген өгей әке тек соңғы қылмысын ғана растапты. Яғни үйде әйелі жоқтығын пайдаланып, бүлдіршінді зорлап, денсаулығына зақым келтірген. Аталған тұлғаның кінәсі толық іс материалдарымен дәлелденген. Ол сондай-ақ "педафилия" ауруымен ауырғандықтан, сот оған химиялық кастрация түріндегі медициналық емдеу тағайындаған.

Қызын 6 жыл бойы зорлап келген әке

Сотталушы жәбірленушінің әкесі бола тұра 6 жыл бойы баланың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, күш қолдану арқылы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.

"Жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, венерологиялық ауру жұқтырған. Сот шешімімен айыпталушыға 25 жыл мерзімге жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің ең қауіпсіз мекемесінде өтеу, химиялық кастрация түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалады", - деп жазылған хабарламада

Екі апалы-сіңліні өлтірген адам

"Қысқы кештердің бірінде З.Палтуев өзінің танысы 1986 жылғы О.есімді азаматшаға қонаққа келген, ол тәтесі 1969 жылы туған Л.азаматшамен жеке сектордағы үйде бірге тұрған, үшеуі алкогольдік ішімдік ішкен. Осы уақытта, үйде, басқа бөлмеде ұйықтап жатқан 1950 жылы туған С.азаматта бар еді. Алкогольді ішкеннен кейін Палтуев З. және О.азаматша жанжалдасып қалды. Үстелден ас үй пышағын алып, оны ары-бері сермеп, әйелді өлтіремін деп қорқытты. Көмекке басқа бөлмеде ұйықтап жатқан С.азамат келді. Алайда оның ашуланған адамды тоқтатамын деген әрекеті нәтижесіз аяқталды. Біріншіден, Палтуев онымен есеп айырысты: ол ер адамға сынған бөтелкенің сынықтарымен көптеген жаралар салды. Содан кейін пышақпен қаруланған, ол, көп қан жоғалту салдарынан қылмыс орнында қайтыс болған апалы-сіңлілерге шабуыл жасады", - деді, Алматы қалалық ПД Тергеу Басқармасының адамға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Толғанай Ержанова.

Палтуев Замандин бірқатар ауыр қылмыстар жасағаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқи отырыңыз: Қуандық Бишімбаев 24 жылға жетпей шығуы мүмкін бе? Заңгер жауап берді

А. Жапатова