Түркістан облысында Сирия азаматтары заңсыз аңшылықпен айналысқан

Түркістан облысы Созақ ауданы мен Шымкентте Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстарды заңсыз атқандар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция мәліметінше, олар дериваттарды сақтады және сатты деген күдікке ілінген.

"7 адам ұсталды. Полицияға жеткізілгендердің төртеуі - Қазақстан азаматы, ал қалған үшеуі - елімізде тұруға ықтиярхаты бар Сирия азаматтары", - деп жазылған хабарламада.

Тінту барысында полиция олардан 382 ақбөкен мүйізін, 119 томаға, 20-дан аса құс ұстауға арналған тұзақ, 7 рация, аңшылық мылтық, 1 пневматикалық мылтық, оптикалық көру құралы, жарықтандырғыш, бинокль, шамамен 15 келіге жуық арқар еті және басқа да заттай дәлелдер тәркіледі.

Браконьерлік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала есептелген көлемі 1 миллиард теңгеден асады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!