Семейде жедел саты құлаған оқиға: зардап шеккендердің жағдайы қалай?

Семейде жедел саты құлаған оқиға: зардап шеккендердің жағдайы қалай?
Фото: elements.envato.com

Бірнеше күн бұрын Семейде көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатысы құлап, 6 адам ауруханаға түскен еді. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жаап.

Ал лифтінің не себепті құлағаны тексеріліп жатыр екен. Гаухар Қозыбаева сол күні дүкенге бару үшін жеделсатыға кірген. Кенет лифт қатты жылдамдықпен төменге қарай құлдилай жөнелген. Сол кезде ішінде 6 адам болыпты.

"2 қабат жүрдік. Бітті, сосын астыға қарай кеттік. Үзіліп кетті ме, әйтеуір жарқ-жұрқ етіп жарықтың бәрі. 1-ге келіп тоқтағанда, кенет стоп болғанда қатты секірген сияқты болдық. Болды. Ары қарай шу басталды. Аяғым бәрі ауырады, арқам ауырады, сыздайды. Жолдасым да солай. Бір үйден екеуіміз", - деді ол.

42 жастағы әйелдің екі аяғы сынған. Қазір дәрігерлер тексеріп, қажет ем-дом жасап жатыр. 6 адамның үшеуіне амбулаториялық ем тағайындалған. Мамандардың сөзінше, барлығының жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.

"Барлық қажет жедел көмек көрсетілді. Зерттеулер өткізіліп, науқастар политравма бөліміне жатқызылды. Қазір олар қажет емді толық алып жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты", - деді политравма және ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Дарын Бақтыбаев.

Айта кетейік, арна мәліметінше, Семейде 810 жеделсаты бар. 300-ден астамының қызмет көрсету мерзімі аяқталған. Яғни, ауыстыратын уақыты келген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова