Дұрыс дайындалмаған кәуаптың қаупі неде?

Нашар дайындалған кәуапта денсаулыққа қауіпті микроорганизмдер болуы мүмкін. Бұл туралы эндокринолог, диетолог Оксана Михалева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Газетa.Ru" басылымына сілтеме жасап. 

Дәрігердің cөзінше, дұрыс пісірілмеген кәуаптың ең басты қаупі - сальмонелла мен ішек таяқшалары. Михалева бұл микроорганизмдер асқазан-ішек жолдарына әсер етіп, иммунитеті төмен адамдарда сепсиске дейін ауыр асқынулар тудыратынын түсіндірді.

"Әдетте асқазан (гастрит) немесе ішек (энтерит) қабынады. Ауру антибиотиктермен емделеді және ұзақ уақыт жұмыс қабілеттілігін төмендетеді", - деді маман.

Михалева шикі ет құрамында әртүрлі паразиттер болуы мүмкін екенін де айтты. Оның сөзінше, сиыр етін дайындауға ерекше назар аудару керек екен.

Сонымен қатар, диетолог пісірілмеген ет дұрыс қорытылмайтынын ескертті. Ол алдымен асқазанда, содан кейін ішекте ұзақ уақыт тұрып қалады. Осыған байланысты ішек микрофлорасы бұзылады, асқазан-ішек дискинезиясы пайда болады. Салдарынан адамның жүрегі айниды, іші қатады немесе диарея болады.

"Мұндай тамақтан кейін асқазан-ішек жолдарының жұмысын қалпына келтіру үшін бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін", - деді Михалева.

Еске салайық, бұған дейін кәуаптың зиянын қалай азайтуға болатыны айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!