Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспий теңізіне шамамен 1 миллиард текше метр тасқын суын жіберді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол үшін Атырау облысының Қазсушар филиалы 4 арнаны: Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок пайдаланады.
Жалпы бұл арналар тәулігіне 12 миллион текше метрге дейін су өткізе алады. Олардың әрқайсысында "Қазсушар" мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, Соколок каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі.
Бүгінгі таңда министрліктің басты міндеттерінің бірі - тасқын суын көлдер мен өзендерге жіберу. Мамандар Балқаш көліне де су жіберу жұмысын жалғастырып жатыр. Көлге Қапшағай су қоймасынан шамамен 2,5 млрд текше метр жіберілді.
Сондай-ақ ведомство Ресейден келген 30 миллион текше метр суды Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне де жіберіп жатыр. Айта кету керек, аталған көлдер жүйесіне соңғы 20 жылда су бармаған.
Кейінгі жылдары кеуіп қалған Батыс Қазақстан облысының Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жіберу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне, атап айтқанда Телікөл көлдер жүйесіне су жіберіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!