Балмұздақ таситын шағын жүк көлігі 29 баланы қағып кетті

Фото: видеодан кадр

Бүгін Қырғызстандағы Созақ ауданында концерт кезінде оқушыларды жүк көлігі қағып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі kaktus.media-ға сілтеме жасап.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, ауруханаларға 9-16 жас аралығындағы 29 бала жеткізілген.

"Жалал-Абад облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жеті бала жатыр, олардың үшеуі ауыр жағдайда. Созақ аудандық ауруханасына үш бала жатқызылды. Октябрь ауылындағы жалпы дәрігерлік практика орталығында сегіз жәбірленуші бар", - деп жазылған басылым мәліметінде.

Қалған 11 бала медициналық көмек алып, амбулаториялық емге жіберілді. Бұл жағдайды денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев жеке бақылауына алған.

Сонымен қатар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында балаларды қаққан көлік балмұздақ таситын шағын жүк көлігі екені жазылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова