"Ертең үлкен дау болады". Депутат заңды халыққа қарапайым тілде түсіндіруді сұрады

"Ертең үлкен дау болады". Депутат заңды халыққа қарапайым тілде түсіндіруді сұрады
Фото: depositphotos.com

Мәжілісте кейбір экономикалық қылмыстарға жазаны жеңілдетуді көздейтін заң жобалары таныстырылды. Депутат Ермұрат Бапи заңдарды халыққа қарайып тілде түсіндіруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын депутат Абзал Құспан таныстырды.

Оның айтуынша, барлық өзгеріс еліміздің экономикалық дамуын тікелей қолдау үшін әзірленген.

"Заң аясында жалпы 5 бапқа өзгеріс енгізіледі: Қылмыстық-процестік кодекстің 1 бабына, Қылмыстық кодекстің 4 бабына. (Қылмыстық кодекстегі) 2 бап толық қылмыссыздандырылып, екеуі ішінара қылмыссыздандырылады", - деді депутат.

Қылмыс санатынан шығарылатын баптың бірі – Қылмыстық кодекстің 219-бабы ("Кредиттi заңсыз алу немесе бюджет кредитін мақсатсыз пайдалану").

"Қылмыссыздандыру себебін айтайын. Қылмыстық кодекстің 189 ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 190 ("Алаяқтық") баптары бойынша саралануы мүмкін. Осыған ұқсас әрекет үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 233-бабымен ("Қазақстанның заңнамасын бұза отырып кредит, қарыз алу не оларды пайдалану, мемлекеттік сыртқы қарыз қаражатының қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмеуі") көзделген", - деді Абзал Құспан.

Қылмыссыздандырылатын келесі бап – Қылмыстық кодекстің 241-бабы ("Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу").

"Бұл бап қылмыс санатынан неге шығарылады? Себебі, Қылмыстық жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239-бабында көзделген әкімшілік жауаптылықтан бірнеше есе жеңіл болғандықтан, нормаларды әкімшілік жауапкершілік дәрежесіне ауыстыру арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239-бабының алтыншы бөлігімен толықтырылады", - деді депутат.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 234 ("Экономикалық контрабанда") және 236 ("Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару") баптары ішінара қылмыссыздандырылады. Осылайша, бұл баптар кедендік құқық бұзушылықтарға қатысты болады.

Депутат Ермұрат Бапи аталған заң жобаларындағы өзгерістерді қарапайым тілде халыққа түсіндіру керегін атап өтті.

"Біз бұл заңды түсініп отырғанымызбен, дәл осы заңды қоғам түсінбейді. Экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру, оған декриминализация жасаса, оны саяси сауаты төмен қоғам қалай түсінеді?! Осының атауын қоғам түсінетіндей қылуға болмай ма?! Ертең біз заңды қабылдаймыз. Осылайша, президентке және бізге сөз келеді. Мемлекет басшысы заңға қол қояды ғой. Сол кезде 5-6 депутат қана пікір білдіреміз", - деді ол.

Оның пікірінше, қоғамда түсінбестік болмау үшін депутаттар заңға енгізілетін өзгерістерді әлеуметтік желіде кеңінен түсіндіруі керек.

"Әлеуметтік желіде адамдар депутат Абзал Құспаннан бастап бәрімізді белгілейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Үлкен блоктарға, Тelegram, You Tube арналарға шығуы керек. Khabar мен Qazaqstan арналарының онша тиімділігі болмайды. Халық көретін арналарға шығып, түсіндіру керек. Өйткені, ертең экономикалық құқық бұзылып жатса, оған декриминализация жасалса, үлкен дау болады. Осы мәселені назарға алу керек", - деді депутат.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Есен