"4 жасар бүлдіршіннің бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткен". Өгей әкеге қатысты сот отырысы өтті

"4 жасар бүлдіршіннің бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткен". Өгей әкеге қатысты сот отырысы өтті
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

"Балабақшаға келгенде бетінен соққының іздерін көрдім"! Алматыда "4 жасар баласын ұрып өлтірді" деген күдікке ілінген өгей әкеге қатысты сот процессі жалғасып жатыр. Сот залында марқұм Хантөре соңғы күндерінің бірін өткізген балабақша тәрбиешісі куәлік етті. Куәгердің сөзінше бүлдіршін 21 қыркүйек күні бөбекжайға бет-аузы көгеріп, сүлесоқ күйде келген. Ал айыпталушы алғашқы сөзінен тайып, кінәсін мойындамайтынын айтты. Жантүршігерлік жағдайдың жай-жапсары баяндалған сот отырысына Massaget.kz тілшісі қатысып қайтты. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

Құралай Абилдаеваның айтуынша оқиға орын алған 21 қыркүйек күні бүлдіршін балабақшаға кіре сала өзін нашар сезінген. Тіпті бет-ауызында көгерген іздер де болыпты. Балабақша тәрбиешісі мән жайды бірден анасына хабарлаған. Алайда анасы келгенге дейін Хантөре тәрбиешіге өгей әкесінің ұрғанын айтыпты.

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Куәгер Құралай Абилдаева.

"Сағат 9:30-дар шамасында баланы алып келді. Алғашында баланың түріне мән беріп қарамадым. Кейін бас киімін, үстіндегі киімдерін шеше бастадым. Сол кезде беті көгеріп кеткен. Үлкен саусақтың ізі бар. Әкесінен сұрағанымда ойнап жүріп жарақаттап алғанын айтты. Балаға су беріп медециналық кабинетке жатқызып қойдым. Кабинеттен шығып келе жатқанда ол құсып жіберді. Құсқаннан кейін киімін ауыстырып жатқан сәтте баланың өзінен: Саған не болды? Сен құсып жатырсың ғой? Не жедің? - деп сұрадым. Сол сәтте айтқаны "папа ударил" деген бір сөз болды", - дейді куәгер Құралай Абилдаева. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Хантөре барған балабақша

Бала өтірік айтпайды. Тағдыры төрт жасында талқан болған Хантөрені сол күні балабақшаға әкелген өгей әкесі екен. Анасы жұмысқа кеткенде баланың ішінен ұрып балабақшаға апарып тастаған көрінеді. Кейін бүлдіршіннің бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткені анықталған.

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.

Алайда қаршадай балаға қол көтерген күдікті айыбын мойындамады. "Санынан шапалақпен ұрғаным болмаса, жұдырығымды жұмсаған емеспін" деп алғашқы тергеу кезінде айтқан сөзінен тайқып кетті. Сөзіне сенсек, балабақшаға барар сәтте бүлдіршін баспалдақтан құлап кеткен. Хантөренің бетіне түскен сызаттар да содан қалыпты

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.

"Қылмысқа қатысым жоқ, тек тергеушілер әжетханаға апарып қысым көрсеткеннен кейін ғана мойынсұндым" дейді.

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Айыпталушы Дархан Дәулетов.

"Темекі шегесің бе деп сұрап әжетханаға апарды. Әжетханаға кіргеніміз сол еді артынша сол жақтың қызметкерлері, оперлар 5-6 адам артымыздан кіріп, қолыма кісен тақты. Сол жерде қысым көрсете бастады. Психологиялық қысым көрсетіп, дене жарақаты түспейтін жерлерден ұрып, қорқытып "біздің айтқанымызды істейсің, біздің айтқан жерлерімізге қол қоясың, осылай айтасың деп мәжбүрлеп, өздерінің айтақанын істетті", - дейді айыпталушы Дархан Дәулетов.

Марқұмның анасы мұғалім. 19 жасар азаматпен өзі сабақ берген колледжде танысып, көңіл жарастырыпты. Шілде айынан бастап бірге тұрған. Хантөрені 4 қыркүйек күні бөбекжайға әкелгенде бетінде жарақаттар болған. Бүлдіршін балабақшаға бар болғаны 17 күн барыпты.     

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.

Ал Хантөренің әкесі айыпталушының сөзіне сенбейді. Сенгісі де жоқ. Сөзінше Дархан Дәулетов баласын анасына деген қызғаныштан ұрған. 

"Дархан берген бірінші жауапта қазіргі айтып тұрған әңгімесі сәйкес келмейді. Экспертизаны "бала абайсызда құлап қалды" дегенге келтіріп жасауға тырысып жатыр. Айыпталушы Самалды (марқұмның анасы) қызғанып, содан кейін баланы ұрған. Сондай-ақ әлдебір видеоларды таратып жіберемін деп бұрынғы әйелімді қорқытқан. Баланы соңғы сапарға шығарған кезде жуындырған өзім. Дене жарақаттарының бәрін көрдім. Мен баланың әкесі ретінде бұл істі ақырына дейін жеткіземін", - дейді марқұмның әкесі.  

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.

Еске салсақ, қайғылы оқиға өткен жылдың қыркүйек айында болған. 19 жастағы жігітке азаматтық некедегі әйелінің кішкентай ұлын ұрып өлтірді деген айып тағылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Зинешов