Таразда 6-сынып оқушысы пойыздың әйнегін сындырған

Жолаушылар пойызының әйнегін сындырған кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, сәуірдің басында Шымкент-Астана бағытына қатынайтын жолаушылар пойызы Тараз қаласына кіргенде белгісіз адам жолаушылар вагонының терезесіне тас лақтырып, сындырған. Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы құқықбұзушылықты жасаған 6-сынып оқушысын анықтады. Жасөспірім кінәсін мойындады.

Полиция қызметкерлері оқушының анасына кәмелет жасына толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Материал қару үшін Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

10 сәуірде сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК (73840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

"Теміржол – аса қауіпті аймақ! Теміржол ойын алаңы емес! Азаматтардан теміржол аумағында қауіпсіздік ережелерін сақтауды, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраймыз", – дейді көлік полициясы өкілдері.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!