Қазақстанда жалған ақпаратты таратқаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Қазақстанда жалған ақпаратты таратқаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?
Фото: pixabay.com

Қазіргі уақытта қоғамда Қазақстан өңірлеріндегі су тасқыны мәселесі мен экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі резонанс тудырып отыр. Осыған байланысты әлеуметтік желі парақшаларында түрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Заң бойынша жалған ақпарат тарату қылмыс саналады. Ал бұл үшін қандай жауапкершілік қарастырылған? Бұл сұрақтың жауабы "Право знать" Telegram-арнасында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңға сәйкес жалған ақпарат қалай анықталады?

Заң бойынша қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе азаматтардың не ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат ретінде танылады.

Жалған ақпаратты таратқаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 400 сағатқа дейін түзеу не қоғамдық жұмысқа тарту немесе бас бостандығынан 1 жылға дейін шектеу не айыру қарастырылған. 

Егер жалған ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалары, яғни әлеуметтік желілер арқылы таратылса, онда жаза 3000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды, сондай-ақ бас бостандығын 3 жылға дейін шектеуді не айыруды көздейді.

Арна мәліметінше, төтенше немесе жауынгерлік жағдай, соғыс уақыты немесе қоғамдық іс-шараларды өткізу тақырыбына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін азамат 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын алуы мүмкін екенін ескеруі қажет.

Жалған ақпарат жарияланған уақытта 1 АЕК мөлшері 3 692 теңгеге тең.

Айта кетейік, бұған дейін жалған ақпаратты қалай анықтауға болатыны хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Көпшік қыстырар деген не?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә