Жеке тұлға қандай кезде мемлекеттік органның үстінен шағым түсіре алады? Сот жауап берді

Жеке тұлға қандай кезде мемлекеттік органның үстінен шағым түсіре алады? Сот жауап берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz 2024 / Тұрар Қазанғапов

Кейде жер немесе салық тақырыбы бойынша туындаған сұрақтың жауабын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) секілді мемлекеттік органға барғанда мәселе туындайды. Мұндай кезде жеке тұлғаның құқығы тапталуы да мүмкін. Өйткені барлық азамат өз құқығы мен міндетін біле бермейді. Осыған байланысты сот Динара Құйқабаева мемлекеттік орган өз міндетін орындаудан бас тартса, жеке тұлғаға не істеуге болатынын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның сөзінше, кез келген ҚР азаматы мемлекеттік органның үстінен шағым түсіре алады. 

"Егер мемлекеттік орган жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, бұрын есептелген салықтарды және басқа да әрекеттерді қайта есептеу сияқты өз міндеттерін орындаудан бас тартса, қарапайым азамат оның іс-әрекеті туралы шағым түсіруге құқылы. Мұндай жағдайда шағымды мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа түсіруге болады. Бұл сот бірінші кезекте жеке тұлғаның құқықтары мен мүддесін қорғайтынымен және оның мүддесін мемлекеттік органның мүддесінен жоғары қоятынымен ерекшеленеді. Мемлекеттік органның әрекеттері заңсыз деп танылып, қарапайым адамдардың шағымы қанағаттандырылған істің саны көп", - деді сот.

ЕСКЕРТУ! Шағым немесе арыз түсірмес бұрын, өз құқығыңыз бен міндетіңіз туралы толық ақпаратпен танысқаныңыз немесе заңгер кеңесін алғаныңыз абзал.

Айта кетейік, бұған дейін сот орындаушысы борышкер жалақысының қанша пайызын ұстап қала алатыны хабарланған болатын. 

"Сот орындаушысы борышкер жалақысының 50 пайыздан астамын ұстап қалуға құқығы жоқ. Бұл шектеу Конституцияда көрсетілген, егер сот орындаушысы сіздің айлық жалақыңыздың толық сомасын ұстап қалатын болса, сіз оның әрекеті туралы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа шағым түсіруге құқыңыз бар", - деді Динара Құйқабаева.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақтың үш жүзі қашан құрылды?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә