Астанада жолақысы 110 теңгеге көтеру ұсынылды

Астанада жолақысы 110 теңгеге көтеру ұсынылды
Фото: tengrinews.kz

Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин елордада автобуста жүру ақысын 90 теңгеден 110 теңгеге көтеруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басшы соңғы 10 жылда жолаушы тасымалдаушылардың шығындары айтарлықтай өскенін атап өтті.

"Мысалы, бұрын дизель 107 теңге болса, қазір ол – 295 теңге. Осылайша, бүгінде оның бағасы 275 пайызға өсті. Автобустардың құнын және жүргізушілердің жалақысын қосқанда, қалған шығындар бойынша жағдай осыған ұқсас. Қазір Астанада 2014 жылы бекітілген қоғамдық тарифтің құны – қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 90 теңге, қолма-қол ақшамен төлегенде 180 теңге. Біз қоғамдық тарифтің құнын қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 110 теңгеге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 220 теңге көтеруді ұсынып отырмыз. Нәтижесінде субсидия көлемі 3 млрд теңгеге қысқарады", - деді Асхат Қарағойшин Астана қаласының қоғамдық кеңесінде.

Былтыр ол автобус парктеріне 34 млрд теңге субсидия бөлінгенін, биыл 38 млрд теңге субсидия қарастырылғанын айтты.

Басшының пікірінше, қоғамдық тариф көтерілмесе, қаладағы автобус парктері жұмысын тоқтатуы мүмкін.

"Бүгінгі таңда қалада 1400 автобус бар. №1 коммуналдық паркінде автобустарды жаңарттық. Былтыр 400 автобус сатып алсақ, жақында 40 жаңа автобус алдық. Биылғы мақсат – 200 жаңа автобусты сатып алу. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан IVECO автобустары тозған. Бірақ тарифті көтермесек, автобус парктеріне қиын болады. Мысалы, бір автобус паркі нарықтан кетті, екеуі банкрот болды", - деді басшы.

Бұған дейін елордада жолақысы қымбаттауы мүмкін екені хабарлаған еді.

Аяз Есен

А. Жапатова