Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 107 миллион теңге бөлінді

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 107 миллион теңге бөлінді
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірде су тасқынынан зардап шеккен 600-ге жуық отбасыға 107 миллион теңге бөлінгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде біржолғы әлеуметтік төлемдерді төлеу басталған.

"Қазір 50 АЕК (186 мың 600 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшеріндегі әлеуметтік көмек ретінде 587 отбасыға 107,3 миллион теңге бөлінді", - деді Арман Әбенов ОКҚ-да өткен брифингте.

Әбеновтің айтуынша, бүгінде облыста су тасқыны бойынша жағдай қалыпты.

"Су қоймаларында су ағызуды біртіндеп төмендете бастадық. Мысалы, Қаратомар су қоймасында соңғы тәулікті су ағызу секундына 1 мың текше метрге дейін азайды, секундына 200 текше метр болды. Сондай-ақ, Жоғары Тобыл, Желқуар су қоймасы бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады. Мұның сыртында өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Соңғы тәулікте Тобыл өзенінің бас жағында 71 сантиметрге, Әйет өзенінде 91 сантиметрге төмендеді. Қарасу ауданындағы Тінтуір, Құндызды және Қарасу өзендерінде су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 13-тен 97 сантиметрге дейін көтерілді", - деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, кейбір ауылдар жарықсыз отырғаны белгілі болды.

"Апат жағдайына байланысты 28 елді мекен жарықсыз қалды. Бүгінде электр бағандары суда қалған. Оларды қалпына келтіру жұмыстары қиынға соғып жатыр. Су кеткеннен кейін жұмысы жалғасады. Су тасқыны кезінде 24 автожолда қозғалыс шектелген, ал 9 жолдағы қозғалыс қалпына келтірілді", - деді Арман Әбенов.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz