Атырау облысында су тасқынына қарсы бөгет жасау кезінде адам сүйектері табылды

Атырау облысында су тасқынына қарсы бөгет жасау кезінде адам сүйектері табылды
Фото: atpress.kz

Атырау облысындағы Махамбет ауданында су тасқынына қарсы бөгет жасау кезінде адамның 12 бас сүйегі мен 26 дене сүйектері табылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі atpress.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға орнына келген құзыретті органдардың қызметкерлері бұл фактіні ақпаратты есепке алу кітабына тіркеп, тергеуге дейінгі әрекеттерді бастады. Алдағы уақытта табылған қалдықтар дәстүрге сәйкес қайта жерленеді.

"Ескі Сарайшықтағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде адам сүйектерін табу жаңалық емес. Ортағасырлық Сарайшықта үлкен зират бар екені белгілі. Археологиялық зерттеулер барысында, тіпті Ескі Сарайшық ауылының өзінде де әртүрлі жұмыстар барысында адам сүйектері жиі кездеседі. Қазір су тасқынынан қорғау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, мыңдаған адам Жайық жағасында бөгеттер салып жатыр және бұл жұмыстар барысында адам сүйектерінің кездесуі ғажап емес. Әдетте, мұндай ақпаратты алған кезде мамандар тиісті жұмыс жүргізеді, қалдықтарды зерттейді, содан кейін дәстүр бойынша жерлейді",- деді "Сарайшық Мұхтар Әбілсейіт" музей-қорығының директоры.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Қазіргі уақытта Орал бойында орналасқан Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында бөгеттер салу, жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина